"Сирия, Ауғанстаннан келген мигранттар балаларды ұрлап жүр": ІІМ мәлімдеме жасады
ҚР ІІМ әлеуметтік желілер мен чаттарда таралып жатқан хабарландыруға қатысты ресми мәлімдеме жасап, сауалымызға жауап берді.
Мессенджерлерде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің атынан таралған шұғыл «ескерту» жалған ақпарат болып шықты. Бұл туралы ІІМ ресми мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желілер мен чаттарда белгісіз авторлар «елдегі күрделі жағдайға байланысты» азаматтарға үйлерінің есігін бекітіп жүру, сириялық немесе ауған мигранттармен байланысқа түспеу, белгісіз адамдарды үйге кіргізбеу жөнінде үндеу таратқан. Хабарламада өзін су немесе электр компаниясының қызметкеріміз деп таныстырып, шам ауыстыруды ұсынатын адамдардың «ұрылар және бала ұрлаушылар» екені айтылған.
Осы мәселеге қатысты ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметінен түсініктеме сұрап көріп едік. Ішкі істер министрлігі мұндай мәлімдеме жасамағанын хабарлады.
Министрлік атынан таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге және тексерілмеген мәліметті таратпауға шақырамыз, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлік күдік тудыратын жағдайлар туындаса, 102 нөмірі арқылы полицияға жүгінуге кеңес берді.
ІІМ көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.