Сирек металдар: Жаңа кен орындары қай өңірде ашылатыны айтылды

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстанның қай өңірінде жаңа кен орындары ашылуы мүмкін екенін айтты. Бұл жайында министрлік BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына жауап берді. 

Геологиялық зерттеу жүргізілетін нысандарды таңдауда, ең алдымен, қай минералдық шикізат түріне сұраныс бар екені ескеріледі. Жүргізілген талдау нәтижесінде Қазақстанда түсті металдар, асыл металдар, сирек жер металдары, кенді емес шикізат және басқа да пайдалы қазбалар бойынша жаңа кен орындарын табуға мүмкіндігі жоғары аймақтар анықталған, - делінген жауапта.

Министрлік мәліметінше, бұрын жүргізілген геологиялық зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып, Қазақстанның бірнеше өңірінде сирек металдардың жаңа кен орындарын табуға мүмкіндік бар екені анықталған.

Нақтырақ айтсақ:

  • Солтүстік Қазақстанда (Көкшетау орта массиві шегінде Көкшетау сирек металл провинциясы ауданында).
  • Батыс Қазақстанда (Мұғалжар сирек металл провинциясы ауданында, литий-фторлы типті граниттерде).
  • Шығыс Қазақстанда (Шыңғыстың оңтүстік-шығыс шетінде Шыңғыс-Тарбағатай сирек жер металлогендік аймағында).

Сондай-ақ осы аймақтардағы гранит пен пегматит жыныстарында сирек металдардың жаңа кен орындары болуы мүмкін екені белгілі болды.

Сонымен қатар Арал маңындағы сораларда (тұзды батпақтарда), Бетпақдалада және елдің оңтүстігіндегі басқа өңірлерде литийдің бар екендігін көрсететін көріністер анықталған.

Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жобалары пайдалы қазбаларға перспективалы учаскелерді анықтай отырып, ел аумағын геологиялық картаға түсіру мақсатында іске асырылады. Перспективалы учаскелердің саны жұмыс қорытындысы бойынша айқындалатын болады, - делінген ӨҚМ жауабында.

Осы тұста Қазақстан сирек металдар, атап айтқанда бериллий мен галлий өндірісін күшейтпек екенін мәлімдеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы