Сирек кездесетін балықты аулағандарға қатысты 55 қылмыстық іс қозғалды
«Бекіре-2024» кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізу барысында 717 бұзушылықтың жолын кесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
2024 жылғы 28 наурызда ауыл шаруашылығы, ішкі істер министрліктері мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті арасында бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, сондай-ақ олардың уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында «Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында «Бекіре-2024» кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойылды.
Акция басталғаннан бері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары ҚР ҰҚК құқық қорғау, табиғат қорғау органдары және Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп табиғат қорғау заңнамасының 717 бұзушылығын анықтап, жолын кесті. Нәтижесінде 498 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қалған бұзушылықтар бойынша материалдар қарау сатысында тұр, - делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар браконьерлік және сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерімен заңсыз қарым-қатынас жасау фактілері бойынша 55 қылмыстық іс қозғалды. Бұзушыларға 14,5 млн теңге айыппұл салынды.
Заңсыз айналымнан 9 тонна балық, оның ішінде 1,4 тонна бекіре тұқымдас балық, 6 кг бекіре тұқымдас балық уылдырығы, 130 бірлік балық аулау құралдары және 34 бірлік су көлігі алынды.
Күн сайын өзен арнасы мен теңіз су тазарту нәтижесінде су айдындарынан жалпы ұзындығы 287 км-ден асатын 1316 бірлік заңсыз балық аулау құралдары шығарылды.
Балық қорғау акциясы жалғасуда.