3 Қараша 2026, 12:52 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Сирек басылымдардан заманауи әдебиетке дейін: Қазақстандықтар не оқиды?

Бүгінде қазақстандықтар қандай кітаптарды таңдайды және жастар неліктен кітап дүкендеріне жиі бара бастады? Бірі сирек кездесетін басылымдар мен классиктердің шығармаларын іздесе, енді бірі заманауи әдебиет пен өзін-өзі дамытуға арналған кітаптарға қызығады. BAQ.KZ тілшісі Астанадағы кітап дүкендерін аралап, оқырмандар арасында қандай кітаптарға сұраныс барын және «Кітап оқитын ұлт» жобасының олардың таңдауына қалай әсер ететінін білді.

Екі сөреден мыңдаған кітапқа дейін

Комиссиялық кітап дүкенінің иесі Лола Израилова бастапқыда бұл істі жанына жақын шағын кәсіп ретінде бастағанын айтты. Алайда сатып алушылардың қызығушылығы жоғары болып, дүкен біртіндеп кеңейген.

Ашылғанымызға бір жыл болса да, дүкенді кеңейтіп, үлкен форматта жұмыс істей бастағанымызға төрт ай болды. Осы төрт айда қарқынды өстік. Қазір тоғыз мың жазылушымыз бар. Кітап саны жеті мыңдай, бәлкім, одан да көп шығар. Күніне төрт жүзге жуық адам келеді, – деді Лола Израилова.

Оның айтуынша, келушілер арасында мектеп оқушылары да, жастар да, егде жастағы адамдар да бар. Дегенмен ең танымал бір авторды немесе жанрды бөліп көрсету қиын: сатып алушылар әртүрлі әдебиетке қызығады.

Дүкен иесінің байқауынша, соңғы уақытта «Кітап оқитын ұлт» жобасының тізіміндегі шығармаларды сұрайтындар көбейген.

– Күн сайын бізге тізім жібереді. Шамамен он бес адам осы кітаптардың бар-жоғын сұрайды. Қарасаң, «Кітап оқитын ұлт» жобасындағы кітаптар тізімі болып шығады. Қазір ең көп сатылатыны – солар, – деді ол.

Дүкенге кітаптарды тұрғындардың өзі әкеледі.

Бізде күн сайын келіп, кітап іздейтін нағыз «кітап аңшылары» бар. Белгілі бір авторлар мен шығармаларды алуға кезекке тұрғандар да бар. Сондықтан кітаптарды тастамаңыздар, макулатураға өткізбеңіздер, – деп қосты ол.

Жастар сатып алады, үлкендер әкеледі

Дүкеннің дамуын бақылап жүрген жазушы, түркітанушы Мәди Раимов ескі басылымдарға қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті.

Байқағаным, жастардың фантастика мен фэнтезиге қызығатыны түсінікті. Бірақ 50–70-жылдардағы қазақ әдебиетіне де сұраныс жоғары. Жалпы, Кеңес Одағы кезінде сатып ала алмаған сирек кітаптарды қазір іздеп, сұрайды, – деді Мәди Раимов.

Ол әр буын өкілдерінің кітапқа қатысты әрекетінен де айырмашылық байқаған.

Менің байқауымша, жастар көбірек оқиды. Үлкендер көбіне кітаптарын өткізеді, ал жастар сатып алады. Бұл – білімнің қажет екенін түсінетін жаңа буын, – дейді жазушы.

Тарихы бар кітаптар мен оқу марафондары

Комиссиялық дүкенге келушілер арасында «Кітап оқитын ұлт» жобасының қатысушылары да бар. Сатып алушылардың бірі дүкен туралы Threads әлеуметтік желісінен білгенін айтты.

«Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысып жүрмін, екі кітап оқып бітірдім. Таңдалған кітаптар тізімі ұнады. Өйткені онда классикадан бастап жасанды интеллектіге дейінгі әртүрлі тақырып қамтылған. Ой-өрісімді кеңейту үшін қатысуды ұйғардым, – деді бойжеткен.

Оның пікірінше, мұндай бастамалар әсіресе жастар мен мектеп оқушылары үшін маңызды. Өйткені олар жаңа жанрлармен танысуға және кітап оқу әдетін қалыптастыруға көмектеседі.

Классикадан өзін-өзі дамытуға дейін

Ал кәдімгі кітап дүкендерінде оқырман талғамы сәл өзгеше. Сатушы-кеңесші Кристина Машурованың байқауынша, жас сатып алушылар көбіне көркем әдебиетке қызығады.

Жастар негізінен көркем әдебиет оқиды. Орыс және шетел классикасын, заманауи авторларды, сондай-ақ отандық жазушыларымыздың шығармаларын таңдайды. Ал жасы үлкендер бизнес, психология және өзін-өзі дамыту туралы кітаптарды алады, – деді Кристина Машурова.

Сатып алушылардың өздері кітап оқу жаңа білім алумен қатар, сөйлеу тілін дамытуға, сөздік қорды байытуға және ойын жақсырақ жеткізуге көмектесетінін айтады.

Келушілердің бірі «Кітап оқитын ұлт» жобасының мектеп оқушылары мен жасөспірімдер үшін маңызын да атап өтті.

Қазақстандағы «Кітап оқитын ұлт» жобасы жастар үшін өте маңызды. Кейбір жастар кітапты жиі оқи бермейді. Ал осындай жобалар олардың кітап оқуға қызығушылығын оятуы мүмкін, – деді сатып алушы.

Бұған дейін Қазақстанда мектеп оқушыларын кітап оқуға қалай баулып жатқаны туралы хабарланған еді.