Бүгiн 2026, 10:55 Фото: sipri.org

SIPRI: Әлемдік әскери шығындар рекордтық көрсеткішке жетті

Былтыр әлемдік әскери шығындардың жартысынан астамы үш елдің үлесіне тиесілі.

2025 жылы әлем бойынша әскери мақсатқа жұмсалған қаржының жартысынан астамы АҚШ, Қытай және Ресейге тиесілі болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі SIPRI (Стокгольм халықаралық бейбітшілік мәселелерін зерттеу институты) есебіне сілтеме жасап.

Институт мәліметінше, әскери шығыны ең көп үш ел – АҚШ, Қытай және Ресей – 2025 жылы жиынтығында 1,48 трлн доллар жұмсап, бұл әлемдік жалпы шығынның 51%-ын құраған.

Сондай-ақ 2025 жылы әлемдегі қорғанысқа арналған шығын көлемі 2,88 трлн долларға жетіп, қатарынан он бірінші жыл өсім көрсеткен. Әскери шығындардың жаһандық жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2,5%-ға жетіп, 2009 жылдан бергі ең жоғары деңгейге көтерілген.

Орта есеппен алғанда, әлем елдері мемлекеттік шығындарының 6,9%-ын қорғанысқа бағыттаған. Бұл бір адамға шаққанда 352 долларды құрайды.

Жалпы әлемдік шығынның 80%-ы, яғни 2,304 трлн доллар 15 елдің еншісінде. Ал 2024 жылмен салыстырғанда өзгермеген алғашқы бестік – АҚШ, Қытай, Ресей, Германия және Үндістан – 2025 жылы қорғанысқа жалпы 1,686 трлн доллар жұмсаған. Бұл әлемдік көрсеткіштің 58%-ына тең.

АҚШ бірнеше жыл қатарынан әскери шығын бойынша көш бастап келеді. 2025 жылы олар қорғанысқа 954 млрд доллар (әлемдік көрсеткіштің 33%-ы) жұмсаған. Дегенмен, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7,5%-ға аз.

Екінші орында тұрған Қытай 2025 жылы қорғанысқа 336 млрд доллар (12%) бөлген. Ел әскери шығындарын қатарынан 31 жыл бойы арттырып келеді. Тек 2025 жылдың өзінде өсім 7,4% болса, соңғы он жылда (2016–2025) жалпы өсім 62%-ға жеткен.

Ресей 2025 жылы қорғанысқа 190 млрд доллар жұмсап (әлемдік шығынның 6,6%-ы), үшінші орнын сақтап қалған. Мәскеудің әскери шығындары бір жылда 5,9%-ға артқан.

Германия 2025 жылы қорғанысқа 114 млрд доллар жұмсаған (3,9%). Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 24%-ға көп.

Үндістан 2025 жылы қорғанысқа 92,1 млрд доллар бөліп (3,2%), шығындарын бір жылда 8,9%-ға ұлғайтқан.

Аймақтар бойынша алғанда, SIPRI есебіне сәйкес, соңғы он жылда Солтүстік және Оңтүстік Американың әлемдік әскери шығындардағы үлесі 5,5%-ға төмендеп, 37%-ды құраған. Ал Еуропаның үлесі керісінше 11%-ға өсіп, 30%-ға жеткен.