Sinovac вакцинасын әлемде 300 млн адам салдырды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық биотехнология орталығы бас директорының орынбасары, профессор Қасым Мұқанов бүгін елімізге жеткізілген қытайлық Sinovac вакцинасы жайлы айтып берді.
Sinovac - инактивті вакцина. Бұл дегеніңіз қоздырушы тіршілігін жоғалтқан вакцина түрі. Ондай технология бұрыннан қолданылып келеді, яғни әлем бойынша әбден жетіліп, жан-жақты зерттелген тұрақты технология,-дейді вирусолог.
Сонымен қатар ол Sinovac вакцинасы 13 елде клиникалық сынақтан өткенін айтты.
Оны әр ел өздерінің ғылыми зертханасында әбден тексерген. Қолданылу аясы да кең. Жанама әсеріне келсек екпе салынған орынның қызаруы адамдардың 34 пайызында байқалған. Бұл қалыпты жағдай, - дейді Қасым Мұқанов.
Сонымен қатар ол әлемді алаңдатқан пандемияны жеңу жолдарын атады.
Пандемияны жеңу үшін екпе салудың рөлі маңызды. Оған қоса емдеу әдістері де болу керек. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтаған жөн. Осындай кешенді түрде жүргізілген шаралардың арқасында ғана вирусты жеңе аламыз. Қазір пандемияны жеңу үшін дүниежүзі халқының 70%-ы вакцина алу керек деп жатыр, сол кезде ұжымдық иммунитет қалыптасады. Кезінде шешек ауруынан адамдар көп қырылды. 6-шы ғасырда пайда болған бұл ауруды адамзат тек 20-шы ғасырда жеңе алды. Ол үшін әлем халқының 80%-ы оған қарсы вакцина алды. Соның арқасында ондай аурудың барын көпшілік қазір ұмытып кетті, - дейді ол.