26 Қазан 2026, 07:46 Фото: pixabay

Синоптиктер Астана, Алматы және тағы бес қаланың тұрғындарына ескерту жасады

Мамандар тұрғындарды денсаулығына мұқият болып, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде сақтық шараларын ұстануға шақырады.

26 қазанда Қазақстанның жеті қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға ауа райы факторларын ескеріп, қозғалыс бағытын жоспарлауға кеңес береді. 

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – желсіздік, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді ауа райы факторларының жиынтығы. Мұндай жағдайлар зиянды заттардың атмосфераның жерге жақын қабатында жиналуына ықпал етеді.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлап, бұл адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Ауаның ластану деңгейін анықтайтын маңызды факторлардың бірі – синоптикалық жағдайдың болжамы. Оған желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы және температура жатады.

Мамандар тұрғындарға мынадай кеңес береді:

  • Таза ауада болу уақытын қысқартып, әсіресе автожолдар мен ластану көздеріне жақын жерлерде ұзақ жүрмеу.
  • Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту.
  • Өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары аурулары және аллергиясы бар адамдардың сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі.
  • Ашық ауадағы физикалық жүктемені шектеу. Дене шынықтыру мен спортпен жабық спорт кешендерінде айналысу.

Мамандар тұрғындарды денсаулығына мұқият болып, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде сақтық шараларын ұстануға шақырады.