Жақыныңа жанашыр бол. Симптомсыз науқастарға динамикалық бақылау жүргізіледі – дәрігер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбелік инфекционист-дәрігер коронавирус инфекциясының симптомсыз түрін жұқтырған адамның қалай емделетінін айтты. 

Қазіргі таңда елімізде коронавирус инфекциясының симптомсыз түрі жиі анықталып жатыр. Коронавирустың мұндай түрі кезінде ешбір белгі байқалмайды. Тексеру барысында тыныс салу жолдары, ауыз қуысында еш өзгеріс анықталмайды. Тек лабораториялық зерттеу кезіне ғана коронавирус бары білінеді. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес, белгісі жоқ коронавирус жұқтырған науқастардың оқшаулануға барлық жағдайы жасалса, амбулаториялық түрде үйде емделеді. Ал егер оқшаулануға жағдайы жоқ болса, карантиндік стационарда бақылауға алынады, - деді ол.

Майра Нұрғалиева коронавирустың негізгі белгілеріне де тоқталды.

Ең алдымен, науқаста дене температурасының көтерілуі байқалады. Сонымен қатар, негізгі белгілердің қатарында мұрынның бітелуі, иіс, дәм сезудің жоғалуы, жөтел, тамақтың қышуы, құрғақ жөтел, жүрек айну, құсу, іш тұсының ауыруы белгілері байқалуы мүмкін. Дем алудың ауырлауы, тәбеттің жоғалуы, кеуде тұсындағы ауырсыну белгілері де коронавирус инфекциясының адам ағзасында бар екенін айғақтайды. Коронавирус инфекциясы енді-енді басталған кезде вирус альвеола жүйесінде және ішекте орналасқан рецепторларды зақымдайды деген түсінік болса, қазіргі таңда вирус қантамырлар эндотелийін де зақымдайтыны анықталып отыр. Соның салдарынан қантамырлардағы микро және макро тромбоздар дамуда, - деді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, симптомсыз науқастар ауруханаға жатқызылмайды, оларға тек динамикалық бақылау жүргізіледі.

Симптомсыз науқастар ауруханаға жатқызылмайды, оларға тек динамикалық бақылау жүргізіледі. Бақылау кезінде қандай да бір белгілер анықталса, яғни, дене қызуы көтеріліп, тыныс алу жолдарында қиындық туындаса, жөтел пайда болса, ол пациент инфекциялық ауруханаға жатқызылады, - деді Майра Нұрғалиева.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы