Симпозиум: Көкше кереметі көрмеде сыр шертті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық музейінде халықаралық «ART TALK» ІІ симпозиумының салтанатты жабылуына орай көрме ашылды.

Айтулы шараны Ұлттық музей директорының орынбасары Назгүл Қадірімбетова ашып, дәстүрге айналған халықаралық симпозиумға қатысқан суретшілерге алғыс білдіріп, көрме жұмысына сәттілік тіледі.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қылқалам иелерінің шалқар шабытпен салған дүниелері Елорда тұрғындары мен қонақтарының көзайымына айнала берсін. Бір-біріне ұқсамайтын қайталанбас туындылар Ұлттық музейдің алтын қорында сақтала отырып, XXI  ғасырдағы тарихымыздың жауһар дүниесі ретінде болашақ ұрпақтың айтулы мұрасына айналатынына сенеміз. Өнерде шекара жоқ. Шексіз, шетсіз, түпсіз әлемнің әрбір сәті алтын қолды – өнер иелерінің ішкі толғанысынан шығарма боп туып, тамыры соғып, жүрегі тулаған әсерлі туындыға айналады. Қазақстанның да талайды тамсандырар көркем бейнесі қылқалам таланттары арқылы шекара асып кеңінен танылады деп ойлаймын,-деді Назгүл Нұржанқызы.

Сондай-ақ, Корея елінен келген танымал суретші Джу Генву Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық музей ұжымына зор алғыс білдіре отырып, Көкше жеріндегі шырайлы табиғаттың кереметтігі мен терең тарихын бір ғана суретке сыйдыру мүмкін еместігін тілге тиек етті.

Ал, Моңғолиядан келген заманауи суретші Гангат Енх Ори суретшілер плэнері барлық қылқалам иелеріне ерекше шабыт сыйлап, әлем елдеріндегі  өнер тарландарының достық қарым-қатынасына айрықша жол ашқаны туралы әсерімен бөлісті.

Салтанатты жиынға келген қонақтар симпозиумға қатысқан суретшілердің жанадан салынған туындыларын тамашалады. Майлы бояу, акварель, қарындашты пайдалана отырып, әр жанрда салынған суреттерде Бурабай табиғаты мен тарихы қылқалам шеберлерінің шексіз қиялы арқылы тіл қатқан. Оның ішінде, "Бурабай таңы", "Дала аңызы", "Кездесу", "Оқжетпес" сынды бірқатар туынды көрерменнің көзайымына айналып, таңданыстарын тудырды.

Айта кетейік, қылқалам шеберлерінің шығармашылық әлеуетін арттыра отырып, елдің туризмін дамытуға ерекше үлес қосуды мақсат еткен симпозиумға Қазақстан, АҚШ, Корея, Өзбекстан және Моңғолия елдерінен 16 суретші қатысып, 60-тан аса таңғажайып картиналар жасаған болатын. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен,  Ұлттық музейінің ұйымдастырған халықаралық «ART TALK» ІІ симпозиумы 14-20 маусым күндері «Бурабай» курорттық аймағында өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы