Симфониялық оркестр көрермендерін қуантады

Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясының симфониялық оркестрі көрермендері үшін классикалық музыка кешін өткізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Шығармашылық ұжым осы жолы әлемге танымал классикалық өнер туындыларынан шашу шашады. Оркестдің дирижері Дастан Ибрагимовтың айтуынша, осындай концертті өткізу идеясы өткен жылы келген. Сол сәттен бері жоспарлы дайындық жұмыстары жүргізіліп келеді.

Бұл концерттің ерекшелігі – шара барысында өнерсүйер қауымға таныс шығармалармен қатар, жұрт тани бермейтін туындылар орындалады. 

Мәселен, Петр Чайковскийдің «Аққу көлі», «Шелкунчик» шығармаларын білмейтін адам жоқ шығар. Біз осы жолы техникалық жағынан күрделі, орындауда түрлі тәсілдер бар шығармаларды да таңдап алдық. Ал музыканттың бірінші симфониясы, яғни, «Қысқы ойлар» шығармасы жиі орындала бермейді. Соны паш етпекпіз. «Қысқы ойлар» адамның армандары, ойларын көрсетеді. Әр көрермен шығарманы тыңдағанда, түрлі қорытынды жасайды. Бағасын береді. Біздің шығармашылық мақсатымыз да сол, - дейді Дастан Ибрагимов.

«Қысқы ойлар» шығармасы соңғы рет шамамен 10 жыл бұрын орындалған. Мамандардың айтуынша, классикалық музыка – әрдайым сұранысқа ие дүние. Осындай концерттерді қалы ңжұртшылық тағатсыздана күтіп, әртістерге өтініштерін айтып отырады. Ал музыканттардың мақсаты – көрермен көңілінен шығу. Алдағы уақытта көктем мерекелеріне орай және маусымның жабылуына орай бірнеше концерт өткізу жоспарда бар.

Айта кетейік, концерт филармонияның 500 орындық залында өтеді. Қазірдің өзінде билеттердің барлығы сатылып кеткен. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы