Симфониялық оркестр өзінің XXII концерттік маусымын ашты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі өзінің XXII концерттік маусымын ашты.
Концерт Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының үлкен залында өтті. Ұжымның көркемдік жетекшісі Берік Батырхан және бас дирижер Ернар Нұртазин көрермендерге жарқын әрі қызықты бағдарлама ұсынды.
Бүгінде бағдарламаларының әртүрлілігі мен симфониялық оркестрдің орындалуының жоғары деңгейі музыкасүйер қауымға ерекше кештер сыйлап келеді. Тыңдармандар симфониялық оркестрдің орындауында 20 ғасырдың ұлы композиторы Игорь Стравинскийдің Firebird балетінің музыкасынан атақты француз композиторы Морис Равельдің вальсі мен сюитасын тыңдап ерекше әсер алды. Орыстың ұлы композиторы Петр Чайковскийдің әйгілі «Рококо тақырыбындағы вариацияларды» виртуоз виолончельші Ермек Құрманаев орындады.
Сондай-ақ кеш бағдарламасында Н.А. Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік консерваториясын бітірген қазақтың талантты композиторы Шырын Базарқұлованың скрипка мен оркестрге арналған композицияларын Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері белгілі скрипкашы Динара Базарбаева-Сахаман өнер сүйер қауымға тарту етті.
Кеш қазақтың аса көрнекті композиторы, педагог, мемлекет және қоғам қайраткері , КСРО Халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері» алты операның авторы, симфониялық күй негізін қалаушы Еркеғали Рахмадиевтің «Дайрабай» симфониялық күйімен ашылды.
1961 жылы жазылған керемет виртуозды «Дайрабай» симфониялық күйі композитордың ең танымал шығармаларының бірі ғана емес, бұл Қазақстан симфониялық музыкасының визиттік карточкасы.
Әлемдік және қазақстандық симфониялық шығармалардан ерекше әсер алған көрермен музыканттарға ерекше қошемет көрсетті.