СІМ: Украинада қазір 300-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың Украинадағы жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біздің Украинадағы Елшілігіміз штаттық режимде жұмыс істеп келеді. Сыртқы істер министрлігінде әлемдегі жағдайға мониторинг жасайтын арнайы Ахуалдық орталық бар. Біздің мәліметімізге сәйкес Киевтегі шетелдік дипломатиялық корпус өз жұмысын жалғастыруда және азаматтарын эвакуациялап жатқан жоқ. Қазақстандықтардан да эвакуациялау бойынша өтініштер түскен жоқ және қазіргі уақытта арнайы ұшақтарды жіберу жоспарда жоқ, - деді ол.

Өздеріңіз білетіндей, Украинада соғыстың жалғасып жатқанына екі жылдан асты.

Кетемін деген азаматтар елден шығып кеткен. Бірақ біздің есебіміз бойынша Украинада қазір 300-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Нақты санын айту қиынға соғады. Оған қарамастан, бірнеше күн бұрын біз Украинадағы қазақстандықтарға ел аумағынан кету туралы хабарлама жасадық. Қазақ дипломаттары өз жұмысын тиянақты атқарып келеді, егер отандастарымыздан өтініш түскен жағдайда оларға барлық қажет көмекті көрсетеміз. Дегенмен, жағдайдың одан әрі дамуына байланысты өз әрекетімізді жасаймыз, - деді Айбек Смадияров.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы жағдайдың ушығуына байланысты азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тапсырма берген болатын. Сонымен қатар, Бектенов Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов -архив
Өзгелердің жаңалығы