+20

СІМ Таяу Шығыс елдеріндегі ахуалға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады

Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына аталған өңірге бұрын жоспарланған барлық сапарларды қайта қарауды қатаң түрде ұсынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазіргі уақытта жағдай мен ықтимал тәуекелдерге жан-жақты баға берілуде, құзыретті мемлекеттік органдармен және шетелдік серіктестермен үйлестірілген жұмыс жүргізілуде. Таяу Шығыс өңірінің бірқатар елдерінде әуе кеңістігін пайдалануға уақытша шектеулер енгізілді, бұл халықаралық рейстердің тоқтатылуына және кейінге шегерілуіне алып келді, - делінген мәлімдемеде.

Осыған орай СІМ аталған елдерде жүрген Қазақстан азаматтарына келесі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді: сабыр сақтау, жергілікті билік белгілеген тәртіпке бағыну, адамдар көп жиналатын орындар мен әскери нысандардан аулақ болу, ресми ақпарат көздерін мұқият бақылау, ұшу рейстерінің статусын тұрақты нақтылау және Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерімен тұрақты байланыста болу.

Министрлік жедел байланыс арналары мен елшіліктердің байланыс нөмірлерін де ұсынды:

Катардағы ҚР Елшілігі
+974 5064 9955
+974 7091 0579
kazconsul.doha@gmail.com
doha@mfa.kz

БАӘ-дегі ҚР Елшілігі (Әбу-Даби)
+971 2 449 8778
+971 50 362 9805
abudhabi@mfa.kz

Дубайдағы ҚР Бас консулдығы
+971 55 610 3341
+971 50 570 1978
dubai@mfa.kz

ҚР Сыртқы істер министрлігі
+7 (7172) 72 05 00

Сыртқы істер министрлігі барлық дипломатиялық өкілдіктердің штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын, жағдайды үнемі бақылауда ұстап отырғанын және шет елдердегі Қазақстан азаматтарына тәулік бойы қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. Министрлік азаматтарды аса мұқият әрі жауапты болуға, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы