СІМ Қазақстан мен Қытай үкіметі арасындағы ақпарат алмасу келісіміне түсінік берді
Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан мен Қытай үкіметі арасындағы ақпарат алмасу келісіміне түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілі «Қытай қазақтарының мәселесімен айналысатын құқық қорғау ұйымдары Алматыда біренеше рет жиын өткізіп, алаңдаушылық білдіріп отыр. Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі мақұлдаған құжат арқылы Пекин Қазақстан азаматтығын сұраған, ұлты қазақ азаматтарының паспортына вето жариялай алады деп қауіптенеді. Бұған негіз бар ма?» деп сұрақ қойды.
Смадияров бұл құжатты Ішкі істер министрлігі әзірлегенін, нақты жауапты сол министрлік беретінін айтады.
Менің естуімше, бұл құжат екі елдің арасындағы қос азаматтық, азаматтық ала алмай жүрген, дұрыс құжат жоқ азаматтарды анықтауы үшін жасалып жатыр. Нақты ақпаратты Ішкі істер министрлігінен білсеңіздер болады, - деп қосты Айбек Смадияров.
СІМ спикерінің сөзінше, екі ел арасында зейнетақысын алып, екі мемлекеттен де төлем алып жүргендердің бар. Сондай-ақ ешқандай вето туралы жазылмағанын айтты.
Карантиннен кейін мыңдаған қандас елге келді. Бұл біздің Қытай тарапымен тығыз жұмыстың нәтижесі, сондықтан бұдан қорқудың еш қажеті жоқ. Тек заңсыз құжатпен жүрген азаматтарды анықтауы үшін жасалып жатыр, - деді ол.