СІМ: Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды және МАГАТЭ рөлін қолдайды
Қазақстан ядролық қызметке International Atomic Energy Agency тарапынан халықаралық бақылау жүргізілуін маңызды деп санайды.
Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаев Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Қазақстанның ұстанымын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстан атом энергиясын тек бейбіт мақсатта пайдалануды дәйекті түрде қолдайды және ядролық қызметке International Atomic Energy Agency тарапынан халықаралық бақылау жүргізілуін маңызды деп санайды.
Жетібаевтың сөзінше, бірқатар мемлекет, оның ішінде Қазақстан да мәселені техникалық тұрғыда реттеуге көмектесуге дайын екенін білдірген. Алайда мұндай көмек келіссөз процесіне қатысушы тараптар арасында тиісті халықаралық уағдаластықтарға қол жеткізілген жағдайда ғана мүмкін болады.
Бірқатар ел, соның ішінде Қазақстан, барлық қатысушы тарап арасында тиісті халықаралық келісімдерге қол жеткізіліп, мәселе практикалық кезеңге өткен жағдайда ізгі ниет аясында техникалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді, – деді ол.
Сыртқы саяси ведомство өкілі Қазақстан аумағында International Atomic Energy Agency-ның төмен байытылған уран банкі орналасқанын да еске салды.
Оның айтуынша, бұл банк агенттікке тиесілі және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланатын мемлекеттерге ядролық отынның кепілдендірілген қорын қамтамасыз етуге арналған.
Біз өз ұстанымымызды білдірдік және ізгі ниет аясында техникалық қолдау көрсетуге дайын екенімізді айттық. Бірақ тағы да қайталап айтамын, бұл тиісті келісімдерге қол жеткізілген жағдайда ғана жүзеге асады, – деді Ерлан Жетібаев.
Еске салайық, бұған дейін Ерлан Жетібаев Алматы мен Астанадан бірнеше елге жаңа халықаралық рейстер ашылатынын айтты.