СІМ өкілі Ауғанстаннан UNAMA миссиясын көшіруде неліктен Алматыны таңдағандарын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Ауғанстаннан шығарылған БҰҰ-ның дипломатиялық миссиясын неліктен Алматыға орналастырғандарын түсіндірді.
Оның айтуынша, басшылық БҰҰ қызметкерлерін уақытша орналастыру бойынша бірнеше нұсқаны қарастырған.
Миссияны Алматыға орналастыру бірнеше факторға байланысты болды. Оның ішінде біздің оңтүстік астана қаржы және іскерлік белсенділі бойынша аймақтағы ең ірі орталық. Инфрақұрылымы дамыған әрі өзге елдермен байланысуға ыңғайлы әуе қатынасы бар. Сондай-ақ, жаһандық және аймақтық қауіпсіздік бойынша еліміздің беделі де әсер етті. Сондықтан Алматыны көп бағытты ынтымақтастық орталығы деуге болады. Қазіргі таңда Алматыда БҰҰ-ның 18 өкілдігінің кеңсесі орналасқан. Оған қоса қалада өзге де халықаралық ұйымдар бар. UNAMA кеңсесінің Алматыда ашылуы қалада БҰҰ хабының одан әрі нығая түсуіне ықпал етеді деп ойлаймын,-деді Рахметуллин.
Бұған дейін БҰҰ-ы Қазақстан мемлекетінің тарапына өздерінің Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын және бұл елде тіркелген БҰҰ-ның басқа да агенттік қызметкерлерінің бір бөлігін Алматы қаласына уақытша орналастыру туралы өтініш білдірген.
Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және еліміздің осы ұйымның толыққанды әрі белсенді мүшесі ретіндегі міндеттемелерін ескере отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады. Осылайша 18 тамыз күні кешкі сағат 22.30-да UNAMA және БҰҰ-ның басқада агенттіктерінің 135 қызметкер мінген ұшақ Алматы әуежайына қонды.
Біз БҰҰ-ның ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссиясын жоғары бағалаймыз. Президентітң тапсырмасына сәйкес ҚР СІМ-і Алматы қаласының құзырлы органдарымен, оның ішінде қала әкімі, ІІМ, ҰҚК, Азаматтық авиация, Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, Ауғанстанна келетін рейсті қабылдап, оларды орналастыру бойынша жедел жұмыс атқардық. Осыған байланысты Алматы әкімдігіне және жәрдемдескен барлық қызмет өкілдеріне алғыс білдіремін,-деді СІМ өкілі.
Ақан Рахметуллиннің айтуынша, Ауғанстаннан ұшып келген адамдардың барлығы БҰҰ-ның халықаралық қызметкерлері. Олар БҰҰ-ның құжаты мен иммунитетіне ие.
Ұшып келгендердің бір бөлігі өзге елдердегі бөлімшелерге аттанады. Дегенмен жүзге жуық адам Қазақстанда қалып, Алматыда уақытша UNAMA-ның кеңсесін құрады. Әзірге ол жарты жылға деп есептелген, бірақ Ауғанстандағы жағдайға байланысты мерзімі ұзартылуы да мүмкін. Қызметкерлердің шығыны мен кеңсені жалға алуды БҰҰ-ы өзі қаржыландырады. Ал, Қазақстан тарапы сәйкесінше БҰҰ қызметкерлерін кеңселерге, яғни қауіпсіздік және басқа да талапқа сай орналастыруға көмектеседі,-деді ол.