СІМ Непал мен Қытайда су тасқыны кезінде хабарсыз кеткен екі қазақстандықты іздеу барысы туралы мәлімдеді
ҚР СІМ: Хабарсыз кеткен қазақстандықтардың туыстары ДНҚ талдауы үшін материал тапсырды.
СІМ Непал мен Тибеттегі қазақстандықтарды іздеу жұмыстары туралы ақпарат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Непал мен ҚХР Тибет автономиялық ауданындағы табиғи апат аймағында қалған Қазақстан азаматтарының жағдайын бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Непал тарапының мәліметінше, Непал аумағындағы іздеу-құтқару операциясы 5 қазанда ресми түрде аяқталды. Қазіргі уақытта зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, осы жұмыстар барысында табылған мәйіттер мен жеке заттардың тиістілігі анықталуда. ҚХР Тибет автономиялық ауданында ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қытай тарапы сонымен қатар мәйіттерді анықтау және генетикалық сараптама бойынша жұмыстар жүргізуде.
Бұған дейін Қазақстаннан келген үш турист хабар-ошарсыз кеткен деп есептелген болатын. Екеуі Непалда, біреуі Қытайда делінген.
Непалда болуы мүмкін деп саналған және хабарсыз кеткендер тізімінде тұрған олардың біреуімен байланыс орнатылды. Оның табиғи апат аймағына сапардан бас тартқаны анықталды. Қазіргі уақытта ол Қазақстанда. Қалған екі отандасымыздың тұрған жері әзірге анықталған жоқ. Олардың туыстары анықтауға қажетті рәсімдерден өтті, оның ішінде Непал мен ҚХР-дың құзыретті органдары белгілеген тәртіпке сәйкес, ДНҚ-ны талдау үшін биологиялық материал тапсырды, - деп хабарлады ҚР СІМ-нің ресми өкілі Жанболат Үсенов.
Қазақстандық дипломаттар хабарсыз кеткендердің отбасыларымен байланыста бола отырып, оларға қажет қолдауды көрсетуде.