СІМ: Компаниялардың Ресейдегі кеңселері Қазақстанға көшіп келіп жатыр

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында шетелдік ірі компаниялардың Ресейдегі кеңселері Қазақстанға көшіп келіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Украинаға әскери қимылдар басталғаннан бері, Ресей экономикасына қатысты санкциялар салынған соң ашық дереккөздер бойынша Ресей нарығынан кету не қызметін қысқарту туралы мәлімдеген шетелдік 362 компания анықталды. Бізді олар қызықтырған соң брендтердің бас кеңселеріне шығып, қызметін Қазақстанға көшіруді ұсындық. Релокация деген не? Көп адам оны компанияның толық көшуі, зауыттар салу деп түсінеді. Бірақ әрдайым олай емес, өндіріс орнын ауыстыруды талап етпейтін консалтинг, IT компаниялар бар. Наурыздан бері олармен байланыс орнаттық. 62 компания оң жауабын берді. Олар Қазақстанды балама алаң ретінде қарастыруға дайын, – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров.

Оның сөзінше, бұрындары компаниялар Еуразия нарығында сауда жасауды, жұмыс істеуді қаласа бас кеңселерін Мәскеу мен Санкт-Петербургте ашуды қалайтын.

Себебі Ресей экономикасы бізден он есе үлкен. Қазір санкциялар салынғандықтан басқа қалаларды қарастыруға тура келеді. Сондықтан біз оларға Астана мен Алматыны ұсынып отырмыз. Бүгінде 21 жоба біздің елімізге ауысты. Мысалы, "ТикТок" кеңсесі Қазақстанда болмады, Мәскеудегі кеңсесі арқылы басқарды. Қазір "ТикТок" Қазақстанда бөлек аймақтық кеңсесін ашты. InDrive еуразиялық кеңсесін Қазақстанға көшіріп жатыр. Біз келіп жатқан компанияларға арнайы қызмет ұсынбаймыз. Олар Қазақстандағы құқықтық алаңда жұмыс істейді. Орталық Азияда соңғы он жылда шетелдік инвестициялардың 70%-ы біздің елімізге тиесілі. Осы көрсеткішті ұстап тұру міндет болып отыр, – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы