Бүгiн 2026, 09:33 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

SIM-картаға шектеу, әр ауылға 5G интернет және Starlink: жаңа заңның мақсаты не?

Депутат жаңа шектеулерді түсіндірді.

Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі BAQ.KZ тілшісіне жаңа заң жобалары аясында байланыс саласындағы өзгерістерді түсіндірді. Депутат SIM-карталарды тіркеу, телефон верификациясы, баланс болмаса да мемлекеттік қызметтерге кіру, Starlink интернеті, ауылдарға интернет тарту, тариф бағасы, 5G және дата-орталықтардың қауіпсіздігі туралы айтты.

Мәжілісте телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға бағытталған заң жобалары қаралды. Құжатта байланыс сапасы, ауылдарға интернет жеткізу, доминант операторлардың жауапкершілігі, SIM-карталарды тіркеу тәртібі, телефондарды верификациялау, спутниктік интернетті заңнамалық реттеу және дата-орталықтардың мәртебесін күшейту сияқты мәселелер қамтылған.

Сонымен қатар депутаттар бастамашы болған «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» жаңа заң жобасы да күн тәртібіне шықты. Ал телекоммуникация саласына қатысты заңнамалық өзгерістер азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететіндіктен, BAQ.KZ тілшісі Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәліден осы нормалардың мәнін сұрады.

– Заң жобасында абоненттерді тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізу қарастырылып отыр. Бұл ең алдымен не үшін қажет? Азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне қауіп төнбей ме?

– Жеке деректерге қатысты айтсақ, әрине, әрбір SIM-картаны тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүргізіледі. Негізгі мақсат – заңсыз айналымдағы SIM-карталарды жою. Қазір алаяқтық қатты өршіп кеткен заман. Әсіресе телефон арқылы жасалатын алаяқтық көбейіп отыр. Оны voice phishing, яғни дауыстық фишинг деп атайды. Бұрын алаяқтар көбіне шетелдік нөмірлерден хабарласатын. Халық та оған үйреніп қалды. Шетелдік нөмірден қоңырау түссе, «алаяқ шығар» деп алмай қоятын болды. Ал соңғы кезде қазақстандық кәдімгі нөмірлер арқылы хабарласу көбейді. Бұл – заңнаманың дұрыс реттелмеуінің салдары. Соның кесірінен адам басына сатылатын SIM-карталардың нақты көлемін қадағалай алмай отырмыз. Жаңа тәртіп бойынша, егер қандай да бір мекеме 10 SIM-картадан артық алатын болса, онда ол не үшін алып отырғанын, қандай нөмірлер қандай құрылғыларда қолданылатынын және оны кім пайдаланатыны туралы толық ақпарат беруге міндетті болады. Ал жеке тұлғаларға қатысты әр оператор бойынша тіркелген телефон нөмірлерінің саны бақылауға алынады. Жаңа заң бойынша бір жеке тұлғаға тіркелетін SIM-карта санына шектеу қойылады. Ал мекемелерге 10 SIM-картаға дейін рұқсат беріледі.

– Демек, бұл норма телефон алаяқтығының алдын алуға бағытталған ғой?

– Иә. Бұл арқылы ең алдымен заңсыз SIM-карталардың айналымын азайтамыз. Қазір алаяқтар көбіне басқа адамдардың атына тіркелген немесе бақылаусыз жүрген нөмірлерді пайдаланады. Егер әр SIM-карта нақты адамға байланып, биометриялық сәйкестендіру арқылы тіркелсе, мұндай қылмыстарды анықтау да, алдын алу да жеңілдейді.

– Телефон верификациясы туралы да көп айтылып жүр. Бұған дейін бұл процесті шетелдік компания жүргізгені айтылды. Енді не өзгереді?

– Бұған дейін верификацияны шетелдік компания жүзеге асырып келген. Себебі ол оңай процесс емес. Ол кезде Қазақстанда мұндай жүйені әзірлейтін технология болмады. Сондықтан Қазақстанға әкелінген әрбір жаңа телефонды тіркеу кезінде шетелдік компания қызмет көрсетіп отырды.

Мысалы, сіз жаңа телефон сатып алдыңыз. Оны өз нөміріңізге тіркеу үшін IMEI-кодын енгізесіз, басқа да мәліметтерді толтырасыз. Содан кейін телефон верификациядан өтеді. Осы процесті бұған дейін шетелдік компания жүргізіп келді. Енді бұл верификацияны жасайтын мемлекеттік компания болады. Бұл арқылы алаяқтықтың жолын алуға арналған дүниелер реттеледі.

– Ал адам басына екі телефоннан артық кіргізуге қатысты норма қалай жұмыс істейді? Бұл қарапайым азаматтарға қиындық тудырмай ма?

– Заңнама аясында әрбір адам басына екі телефон деген норма қарадық. Егер сіз өз қолданысыңыз үшін екі телефон алып келсеңіз немесе отбасы мүшелеріңізге сыйлық ретінде әкелсеңіз, онда отбасыңыздағы адам санына сәйкес жылына екі телефонды салық төлемей кіргізуге рұқсат беріледі. Мысалы, шетелге барып келдіңіз делік. Екі телефон сатып алып, Қазақстанға әкелдіңіз. Жыл ішінде екі телефонды салықсыз кіргізуге мүмкіндік болады. Ал одан асатын құрылғылардың бәрі заңды түрде рәсімделіп, салығы төленіп барып қазақстандық нарыққа енуі керек.

Қазір мәселе неде болып тұр? Қазіргі таңда «сұр» немесе «қара» нарықтағы телефондар көп. Бір адам өз атына айына 10 телефоннан тіркеп, еш кедергісіз кіргізе береді. Оның салығы төленбейді. Ал бұған қарсы нақты заң жоқ. Сондықтан кепілдігі жоқ, салығы төленбеген телефондар нарықта қаптап кетті. Енді осыған қатысты заң қажет болып тұр. Бірақ біз Еуразиялық экономикалық одақ құрамындамыз. Сондықтан мұндай норманы енгізу үшін одаққа мүше елдердің келісімі керек. Сол себепті бұл түзетуді Еуразиялық экономикалық одаққа 1 маусымға дейін жібереміз. Кейін заң Құрылтай аясында қабылданады деп жоспарланып отыр. Сонда ғана осы мәселені толық реттеуге мүмкіндік болады.

– Заң жобасындағы тағы бір маңызды норма – азаматтардың балансында ақша болмаса да, мемлекеттік сайттарға кіру мүмкіндігі. Бұл механизм қалай жұмыс істейді?

– Бұл мәселе де талқылаудан өтті. Бірақ операторлар тарапынан қатты қарсылық болған жоқ. Өйткені олардың өздері де түсініп отыр: егер біз үш жыл ішінде цифрлық мемлекет құрамыз десек, Президент қойған міндеттерді орындаймыз десек, жасанды интеллект дамыған елге айналамыз десек, онда ең алдымен цифрлық қолжетімділік болуы керек. Ал цифрлық қолжетімділік ең бірінші мемлекеттік қызметтерге қолжетімділіктен басталады. Қазір біз электронды жеке куәлік пен паспортты онлайн көрсетіп жүрміз. Бұл жағынан әлемдегі алдыңғы елдердің біріміз. Бірақ кейде мынадай жағдай болады: әуежайда немесе вокзалда тексеру аймағына келдіңіз, сол сәтте балансыңыз минус болып тұр, ал толықтыруға мүмкіндік жоқ. Мұндай жағдайда eGov порталына кіру қиын болатын.

Енді жаңа норма бойынша, балансыңыз минуста болса да, мемлекеттік сервистерге тегін кіруге мүмкіндік беріледі. eGov, мемлекеттік өтініштер, салық және мемлекеттік қызметтердің негізгі бөліктері қолжетімді болады. Қазіргі таңда 7 сайт пен қызмет түрі анықталған. Ал қалған сервистерді министрлік кезең-кезеңімен өз жоспарына сәйкес қосып отырады. Халықтан да ұсыныстар түсіп жатыр. Мысалы, білім беру платформалары – Kundelik, университеттердің Office Registrar жүйелері сияқты сервистерге де тегін қолжетімділік болса деген өтініштер бар. Студенттер тапсырмасын қарап, оқу процесіне кіре алатындай болуы керек дейді. Бұл мәселелерді министрлік халыққа қаншалықты қажет екенін ескеріп, қосымша қарайтын болады. Иә, кеңейеді.

– Енді ауылдағы интернет мәселесіне келсек. Елімізде 6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. Бұған дейін 2027 жылға дейін ауылдарды интернетпен қамту жоспары айтылған еді. Осы жоспар қаншалықты нақты?

– Ұлттық жобасы аясында қазіргі күнге дейін 2600-ден астам ауылдық елді мекен байланыс желілеріне қосылды. Егер нақты ақпаратқа келсек, 2026 жылы тағы 1944 ауыл, ал 2027 жылы қосымша 1064 ауыл оптикалық талшық желісіне қосылады. Сонымен, жобалардың қорытындысы бойынша ауылдық елді мекендердің 92 пайызы оптикалық талшықпен қамтамасыз етіледі деп қарастырылған. Бірақ мұнда басты мәселенің бірі бар. Ауылға магистралды оптиканы алып барғанымен, оны әрі қарай үйме-үй жеткізу мәселесі әлі де толық шешілмеген. Мемлекеттік бағдарлама бойынша интернетті әр үйге дейін жеткізу қарастырылмайды. Бұл іспен жеке компаниялар айналысуы керек.

Бұған дейін «кіші операторлар» деп аталатын шағын компаниялар болған. Ал «Қазақтелеком», «Транстелеком» секілді ірі операторлар магистралды желілерді дамытумен және өздеріне тиімді қалаішілік желілермен айналысады. Ал шағын ауылдарда олар келісімшарт бойынша мектепке, әкімдікке немесе әлеуметтік нысандарға дейін интернет жеткізеді де, әрі қарай үйге қосу жұмысын жалғастырмайды. Оны шағын операторлар істеуі керек. Қазір заңнама аясында ірі компаниялардың барлығы «доминант операторлар» ретінде қарастырылып отыр. Енді олар өздерінің техникалық мүмкіндіктері туралы ақпаратты мемлекетке ұсынуға міндеттеледі. Мемлекет ол ақпаратты барлық операторға қолжетімді етеді.

Бұл не үшін қажет? Ертең шағын компаниялар ауылдағы ірі операторлардың қандай техникалық мүмкіндігі барын көріп, өз бизнесін дамытып, интернетті үйме-үй жеткізумен айналыса алады. Бұған дейін «Қазақтелеком», «Транстелеком» секілді компаниялардан техникалық мүмкіндік туралы ақпарат алу, интернет желісін кеңейтуге қызығушылығы бар-жоғын білу немесе тарифтерді анықтау мәселелері реттелмеген еді. Енді осы заңнама аясында ол мәселелер жүйеленіп жатыр. Сондықтан ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін дамыту жұмысы реттеледі деп сенемін.

– Қалада да байланыс сапасына шағым көп. Тариф қымбаттап жатыр, бірақ интернет кейде дұрыс ұстамайды деген сын жиі айтылады. Бұл мәселе жұмыс тобында талқыланды ма?

– Бұл мәселе жұмыс топтарында өте үлкен талқылаудан өтті. Осыған байланысты барлық ірі компанияларды шақырып, арнайы тыңдаулар өткіздік. Біздің басты сұрағымыз үш бағытта болды. Біріншісі – ауылдық елді мекендерге интернетті қашан толық жеткізесіздер? Екіншісі – қаладағы интернет сапасын қашан тұрақты деңгейге жеткізесіздер? Үшіншісі – тариф бағасы. Баға мәселесіне қатысты олардың аргументтерін тыңдап, сараладық. Компаниялардың айтуынша, бұрын адамдар 100 мегабиттік видеолар көрсе, қазір жоғары сападағы бір видеоның өзі бірнеше гигабайтқа жетеді. Яғни қазіргі контент көлемі бұрынғымен салыстыруға келмейді. Адамдардың интернетті пайдалану деңгейі де, талғамы да өскен. Олар бізге бір мегабитке шаққандағы интернет бағасын, инфляция өсімімен салыстырған есептерін көрсетті.

Шынын айтқанда, біз де кей көрсеткіштерге таңғалдық. Мысалы, қарапайым тілмен айтсақ, бұрын бір адам бір литр су ішсе, қазір сол адамның тұтынуы 10 литрге жеткен секілді. Яғни интернет қолдану көлемі бірнеше есе артқан. Сондықтан телекоммуникация компаниялары өз тарифтік бағдарламаларының себептерін осылай түсіндіріп берді. Сонымен қатар осы заңнама аясында Антимонополиялық комитеттің жұмысын күшейтуге бағытталған нормалар енгізіп жатырмыз. Оның ішінде тарифтердің заңсыз көтерілуін бақылау мәселесі де бар.

Негізгі өзгерістердің бірі – енді барлық ірі телекоммуникациялық компаниялар, яғни доминант операторлар өздерінің қаржылық есептілігін жариялап отыруға міндеттеледі. Бұл өте маңызды мәселе. Өйткені бұған дейін, мысалы, Beeline компаниясының қаржылық есебіне қол жеткізу қиын болатын. Себебі ол – ЖШС. Ал заң бойынша ЖШС-нің ішкі қаржылық құжаттарын жариялауға міндет жоқ. Ал Kcell – акционерлік қоғам. Сондықтан оның қаржылық есептерін көруге болады. Қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын, тарифтің не себепті өсіп отырғанын талдауға мүмкіндік бар.

– 5G бойынша міндеттемелер қалай орындалып жатыр?

– Әрбір оператордың өз жоспары бар. Негізі операторлардың ішкі бәсекелестігі болғандықтан, біздің нарық жақсы дамып жатыр деп ойлаймын. Біз барлық компанияға бәсекелестікке мүмкіндік бердік. Жақында Tele2 операторына катарлық инвесторлар кірді. Олардың да нарыққа деген қызығушылығы жоғары. Егер қандай да бір оператор сапаны көтермесе, қолданушылар басқа операторға өтіп кетуі мүмкін. Қазір бұрынғыдай бір оператордан екіншісіне ауысу үшін кеңсеге барып, қағаз толтырудың қажеті жоқ. Телефон арқылы-ақ өз нөміріңізді сақтап, басқа операторға өте аласыз. Яғни операторлар арасындағы бәсекелестікті біздің заңнама жақсы ұйымдастырған.

– Starlink спутниктік интернеті туралы айтсақ. Бұған дейін кімнің мүмкіндігі болды, сол сатып алып, бейресми түрде пайдаланып жүрді. Мектептерге де орнатылды. Енді ресми түрде Қазақстан нарығына кіргелі жатыр. Бұл ішкі операторларға қалай әсер етеді?**

– Иә, әрине, бәсекелестікке әсер етеді. Қазір Starlink секілді технологиялар интернет таратудың ең тиімді тәсілдерінің біріне айналды. Әсіресе қолжетімсіз аймақтар үшін өте ыңғайлы. Бұрын спутниктік байланыс десе, Thuraya сияқты жүйелер болатын. Естеріңізде шығар, 90-жылдардың басында үлкен спутниктік телефондар қолданылатын. Бұрын спутниктік байланыс дегенде өте үлкен телефон ұстап алып сөйлесетін жүйелер еске түсетін. Бір минуты мың теңге, кейде бір доллар тұратын. Мысалы, Thuraya деген компания әлі күнге дейін бар. Ол кез келген жерде спутник арқылы байланысқа шығуға мүмкіндік береді. Ал қазір біз спутник арқылы интернетке қол жеткізіп отырмыз. Менің ойымша, Starlink-тің бағасы да біртіндеп қолжетімді болып келе жатыр. Кеше ғана жарнамадан көрдім: бастапқы кезеңде айына 10 мың теңгеден қосылуға болады деп жатыр.

Бұған дейін мұндай спутниктік компанияларға пилоттық режимде жұмыс істеуге бір жыл уақыт берілген болатын. Яғни интернет жетпейтін мектептерде қызметін көрсетсін деген шешім қабылданды. Сол кезде Қазақстанға осындай спутниктік жүйелер кіре бастады. Бірақ олардың Қазақстан заңнамасымен байланысы толық реттелмеген еді. Өйткені спутник тікелей ғарыштағы өз желісі арқылы әлемдік интернетке қосылып кететін. Енді Starlink және Қазақстанға келетін басқа да спутниктік интернет компаниялары, мысалы, Amazon жобасы немесе Қытайдың спутниктік интернет жүйелері Қазақстан заңнамасына сай жұмыс істейтін болады.

Бұл қалай жүзеге асады? Қазір Алматы облысында үлкен спутниктік қабылдау станциясы салынып жатыр. Яғни үлкен антенна орнатылады. Енді спутниктен келген интернет сол жер арқылы өтіп, Қазақстанның ішкі желісімен пайдаланушыларға таратылады. Осы арқылы Қазақстандағы интернетке қойылатын барлық ереже сақталады.

– Яғни Starlink арқылы тарайтын контент те Қазақстан заңнамасына сай реттеле ме?

– Иә. Мысалы, осы уақытқа дейін мектептерде орнатылған Starlink желісі арқылы оқушылар кез келген контентке еркін кіре алатын. Оның ішінде порнографиялық материалдар, заңсыз контент, алаяқтық сайттар, казино және басқа да қажетсіз дүниелер болды. Бұл жағы реттелмеген еді.

Екінші мәселе – мемлекеттік сайттарға кіру. Мысалы, мектептегі Starlink арқылы eGov немесе басқа мемлекеттік жүйеге кірген кезде, серверлер оны шетелдік байланыс ретінде қабылдап, қосымша тексерулер шығаратын. Кейде мүлде бұғаттап тастайтын. Соның салдарынан интернет бар болғанымен, бухгалтерлер мен мұғалімдер толық пайдалана алмай отырды. Енді бәрі Қазақстан заңнамасына сәйкес жұмыс істейді. Сонымен қатар отандық контенттің қолжетімділігі артады. Қазақстандық платформалар мен сервистерге басымдық беріледі. Тағы бір маңызды мәселе – Starlink-ті заңнамаға енгізу арқылы мемлекет ауылдық жерлердегі интернетті субсидиялау мүмкіндігін қарастыра алады. Яғни интернет жетпейтін ауылдардың мәселесін осы технология арқылы шешуге мүмкіндік туады.

– Енді деректерді өңдеу орталықтарына қатысты сұрайын. Қазақстанда дата-орталықтарды дамыту бойынша бірнеше жоба іске асып жатыр. Жалпы мұның экономикалық және қауіпсіздік тұрғысынан маңызы қандай?

– Деректерді өңдеу орталықтары – қазір стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Мысалы, Павлодар облысында үлкен алаң бөлініп, сол жерге миллиардтаған инвестиция тартылып жатыр. Жоспар бойынша Қазақстан Еуразиядағы ірі деректерді өңдеу хабтарының біріне айналуы керек. Сондықтан осы заң аясында дата-орталықтарды мемлекеттік қауіпсіздік объектілерінің қатарына енгізіп жатырмыз. Осы арқылы олардың мәртебесі күшейтіледі. Себебі қазіргі заманда дерек – ең маңызды ресурстардың бірі. Деректі жаңа мұнай деп айтсақ та болады. Өте құнды деректердің өзі бар. Сондықтан бұл деректерді біз сәйкесінше қорғауымыз керек. Бұл тек қана хакерлерден қорғау емес, ашық шабуылдардан да қорғау. Сондықтан деректерді өңдеу орталықтарына сондай статус беріліп отыр. Бұл мемлекеттің қорғауында болатын дерек орталықтары болады.

– Осы заң жобасы жалпы интернет, байланыс сапасы, цифрлық қауіпсіздік мәселесін түбегейлі шеше ала ма? Халыққа нақты не береді?

– Бұл заң бір күнде барлық мәселені шешіп тастайды деп айту дұрыс емес. Бірақ ол осы саладағы негізгі мәселелерді жүйелеуге мүмкіндік береді. Бізде бұған дейін кейбір процестер нарықтың өз ішінде қалып қойған. Кейбір жерде операторлардың жауапкершілігі нақты белгіленбеген. Кейбір жерде жаңа технологиялар заңнамадан озып кетті. Starlink соның бір мысалы. SIM-карта айналымы да солай. Телефон верификациясы да солай. Енді осының бәрі заң аясында реттеледі. Азаматтар үшін ең басты нәтиже – мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік артады. Баланс болмаса да, eGov сияқты негізгі сервистерге кіре алады. SIM-карталар бойынша тәртіп күшейеді. Бұл телефон алаяқтығымен күресуге көмектеседі. Ауылдарда интернетті үйге дейін жеткізуге шағын операторларға мүмкіндік ашылады. Доминант операторлардың қаржылық есептілігі ашық болады. Тариф неге өсіп жатқанын талдауға мүмкіндік туады. Starlink және басқа да спутниктік интернет жүйелері Қазақстан заңнамасына сай жұмыс істейді. Дата-орталықтар мемлекеттік қорғаудағы маңызды нысандардың қатарына кіреді.

Яғни бұл заң жобасының басты мақсаты – телекоммуникация нарығын ашық, қауіпсіз және қолжетімді ету. Цифрлық мемлекет құру үшін ең алдымен халықтың интернетке, мемлекеттік қызметке және қауіпсіз байланысқа қолжетімділігі болуы керек. Осы заң соған бағытталған.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!