СІМ ел азаматтарын Украинадан қайтару жағдайы туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және еліміздің Украина, Польша, Молдова, Беларусь пен Ресейдегі дипломатиялық мекемелері қазақстандық азаматтарды Украинадан отанына қайтаруды ұйымдастыру бойынша жұмысты жалғастыруда.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Украина мен Польшаның мемлекеттік органдарымен жасалған уағдаластықтар аясында Қазақстанның 80 азаматы үшін визасыз және ПТР тестілеусіз шекарадан өту қамтамасыз етілді және олар эвакуациялық рейсті күту үшін Катовице қаласында (Польша) орналастырылды.
Бұған қоса 260 отандасымыз қазақстандық дипломаттармен бірге Украина-Польша шекарасында тұр және оны өту үшін өз кезегін күтуде. ҚР дипөкілдіктерінің қызметкерлері Украина және Польша тараптарының шекарасында орналасқан және туындаған мәселелерді шешу үшін жұмыс істеуде.
Министрлік отандастарымызды Польшаға тезірек жеткізу және әрі қарай оларды Қазақстанға апару үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Украинадағы ҚР азаматтарының өтініштері үшін Қазақстанның Киевтегі елшілігінде және ҚР СІМ-де «жедел желі» ашылғанын, бұл жұмысқа Днепр, Львов, Одесса мен Харьков қалаларындағы ҚР Құрметті консулдары жұмылдырылғанын еске саламыз.
Киевтегі ҚР Елшілігі күшейтілген режимде өз жұмысын жалғастыруда және бүгінде дипломаттардың көмегімен Қазақстанға оралғысы келетін тұлғалардан 631 өтінім тіркеді.
Алғашқы репатриациялық рейс ү.ж. 27 ақпанда ҚР азаматтарының негізгі бөлігі Катовице қаласына келгеннен кейін жүзеге асырылады деп күтілуде.
Алдағы уақытта басқа да репатриациялық рейстер ұйымдастыру жоспарланған. Осыған байланысты Украинаның әртүрлі қалаларындағы қазақстандықтардан Қазақстан Республикасының Киевтегі Елшілігіне хабарласуды және өзінің орналасқан жері туралы хабарлауды сұраймыз. Мүмкіндік болған жағдайда, Польша шекарасына дейін ұйымдасқан түрде жету үшін Львов немесе Киев қалаларына өз күшімен баруды ұсынамыз.
Жол-көлік жағдайының күрделі болуына және Украинадағы әскери әрекеттердің жалғасуына байланысты бұл қиындық тудыру мүмкін. Мұндай жағдайда өздеріңіз орналасқан мекендеріңізде қалуды, ҚР Елшілігімен және Құрметті консулдықтарымен үнемі байланыста болуды сұраймыз. Жағдай анықталғаннан кейін азаматтарымызға барлық қажетті көмек көрсетіледі.
Бұдан басқа ҚР СІМ «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, Украина аумағында қалған ауыр жүк тасушылардың жүргізушілері - ҚР азаматтары туралы ақпарат жинау бойынша қажетті жұмыс жүргізуде және болу орындардағы жағдайды ескере отырып, олардың шығу жолдарын пысықтауда.