Бүгiн 2026, 11:37 Фото: Видеодан кадр

СІМ Дмитрий Харисовқа қатысты жағдайға түсініктеме берді

Ержан Ашықбаевтың айтуынша, азаматтың өтініші келіп түскен және қазіргі уақытта қаралып жатыр.

Астанада өткен брифингте Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев бұған дейін Қазақстан Президентінен елге оралуына көмектесуді сұраған Дмитрий Харисовқа қатысты жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ержан Ашықбаевтың айтуынша, азаматтың өтініші келіп түскен және қазіргі уақытта қаралып жатыр.

Біз азамат Харисовтың өтінішін алғанымызды растаймыз. Ресей Федерациясының құзырлы органдары ұсынған мәліметке сәйкес, аталған азамат Ресейдің азаматы ретінде де тіркелген. Ең алдымен оның нақты қай мемлекеттің азаматы екенін анықтап алуымыз қажет, – деді министрдің бірінші орынбасары.

Оның сөзінше, Қазақстанның Астрахань қаласындағы Бас консулдығы Дмитрий Харисовпен де, Ресейдің мемлекеттік органдарымен де тұрақты байланыс орнатқан.

Осы мақсатта біздің Астраханьдағы Бас консулдығымыз аталған азаматпен және Ресей Федерациясының құзырлы органдарымен тікелей байланыста жұмыс істеп жатыр. Оған қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп келеді және алдағы уақытта да көрсетіледі, – деді Ержан Ашықбаев.

Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысының тумасы Дмитрий Харисов азаматтық мәселесіне байланысты Ресейден Қазақстанға шыға алмай отырғанын мәлімдеген болатын. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол 2007 жылы Қазақстан азаматтығын алып, Ресей азаматтығынан бас тартқан. Алайда Харисовтың айтуынша, Ресейдің тиісті органдары оны әлі де Ресей Федерациясының азаматы ретінде қарастырады.

Қазіргі уақытта мәселе дипломатиялық және консулдық арналар арқылы шешіліп жатыр.