СІМ-де Еуроодақпен ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына құрметті қонақ ретінде келген Еуропалық одақтың Арнайы өкілі Тери Хакаламен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру арқылы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Р. Василенко Еуроодақ Арнайы өкілінің назарын Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету туралы келісім бойынша Брюссель мен Астана арасындағы келіссөздерді тезірек бастау маңыздылығына ерекше аударды.

Сұхбаттастар алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен екіжақты және көпжақты форматтағы іс-шараларға дайындықты талқылады. Тараптар көлік және логистика, әсіресе Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, қоршаған ортаны қорғау сияқты салаларда өңірлік ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.

Т. Хакала Қазақстанға Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырғаны үшін алғысын білдіріп, ойындардың ауқымды ашылуы мен сапалы ұйымдастырылған шараларда «көшпенділер рухын» сезінгенін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан-Еуропа қарым-қатынастарының барлық спектрі бойынша бірлескен жобалар мен шараларды жүзеге асыруға бағытталған белсенді диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы