СІМ басшысы Женевадағы халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Швейцария Конфедерациясына ресми сапары шеңберінде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Женевадағы БҰҰ жүйесінің бірқатар халықаралық ұйымдардың басшыларымен келіссөздер өткізді.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелетпен кездесу барысында Қазақстанның БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасымен ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды. Тараптар адам құқығын қорғау саласындағы және құқық қолдану практикасындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша өзара іс-қимылдың мол тәжірибесін, сондай-ақ Қазақстанның адам құқықтары саласындағы елеулі прогресін атап өтті.
М.Тілеуберді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған саяси реформалары туралы Жоғарғы комиссарды хабардар етті.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары М.Бачелет еліміздегі жетістіктер мен саяси өзгерістерді жоғары бағалады. Сонымен қатар, ол Қазақстанның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясын Алматы қаласына көшірудегі жәрдемін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Министр М.Тілеуберді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне 2022-2024 жылдарға Қазақстанның кандидатурасын ілгерілетуге арналған арнайы іс-шараға қатысты. Өз сөзінде ол Қазақстандағы саяси реформалар, сыртқы саяси мақсаттар мен адам құқығын қорғау саласындағы басымдықтар туралы таныстырып, сондай-ақ Кеңеске сайланған жағдайда еліміздің ерікті міндеттемелерін ұсынды.
Іс-шараға қатысқан ұйымға мүше мемлекеттердің 40-тан астам дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімованың және Қоғамдастықтардың тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі жаһандық қорының (GCERF) Атқарушы директоры Халид Козердің баяндамаларын тыңдады. Қатысушылар Қазақстанның адам құқықтары саласындағы реформаларына жоғары баға беріп, кандидатурамызға қолдау білдірді.
Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен көпжақты сауда жүйесін нығайту мәселелері, жыл соңында Женевада өтетін ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясына дайындық барысы талқыланды. М.Тілеуберді Қазақстанның Конференция төрағасы ретінде алдағы жаһандық іс-шарада маңызды нәтижелерге қол жеткізуге мүдделі екенін және ДСҰ келіссөздер күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылауға сындарлы үлес қосуға дайын екенін атап өтті.
Н.Оконджо-Ивеала өз кезегінде қазақстандық делегация басшысына ДСҰ-ның халықаралық бастамаларын үнемі қолдағаны үшін алғысын білдіріп, Министрлік конференцияны дайындау мен өткізудегі Қазақстан рөлінің маңыздылығын атап өтті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейесуспен кездесу барысында тараптар ү.ж. 28 мамырда бейнеконференция форматында өткен ҚР Президенті Қ.Тоқаевпен кездесуі шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.
Қазақстан тарапы пандемия кезінде медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектер түрінде ҚР-ға гуманитарлық көмек жеткізгені үшін ДДҰ-ға алғыс білдіріп, алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында бірлескен жұмысқа дайын екендігін білдірді.
ДДҰ басшысы Қазақстанға QazVac вакцинасын тіркеуге көмек көрсетуге дайын екенін растады, ол үшін жақын арада ДДҰ миссиясын елімізге жіберу жоспарланып отыр.
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - БҰҰ ЕЭК Атқарушы хатшысы Ольга Алгаеровамен өткен келіссөздерде Министр М.Тілеуберді энергетика, көлік, сауда, қоршаған ортаны қорғау, инновациялар және қалалық даму саласындағы одан әрі өзара іс-қимылдың перспективаларын белгіледі.
Өз кезегінде БҰҰ ЕЭК Атқарушы хатшысы Қазақстанның жаһандық су конвенциясына үш жылдық табысты төрағалығын, сондай-ақ су мәселелері бойынша трансшекаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін Нұр-Сұлтандағы Халықаралық суды бағалау орталығының белсенді жұмысын атап өтті.