СІМ басшысы Өзбекстан елшісін қабылдады
Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты Өзбекстан Республикасының елшісі Саидикрам Ниязходжаевты қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыртқы саяси ведомствоға сілтеме жасап.
Кездесу барысында министр мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында қазақ-өзбек қатынастары соңғы жылдары стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өтті.
Осыған байланысты Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің ү.ж. 7-8 тамызда Астанаға жасаған ауқымы мен мазмұны бойынша тарихи мемлекеттік сапарының қорытындысы көпсалалы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жоғары практикалық маңызға ие.
Президент Жарлығына сәйкес Министр Елшінің екіжақты қатынастарды нығайту бойынша атқарған үлкен жұмысы және қосқан елеулі үлесін атап өтіп, Елшіге II дәрежелі "Достық" жоғары мемлекеттік наградасын табыс етті және кәсіби қызметінде жаңа табыстар тіледі.
Өз кезегінде өзбек дипломаты ҚР басшылығы тарапынан оның қызметіне жоғары баға бергені үшін мол ризашылығын білдіріп, достық, бауырластық және тату көршілік рухында қазақ-өзбек қатынастарының одан әрі үдемелі дамуына сенім білдірді.