ШЫҰ елдері СІМ басшылары отырыс өткізді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей Федерациясының төрағалығымен өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
Бұл іс-шара ШЫҰ елдері СІМ басшыларының COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейінгі алғашқы кездесуі болды.
Іс-шараның негізгі мақсаты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі отырысының мазмұндық бөлігін дайындау. Атап айтқанда, ШЫҰ саммитінің күн тәртібі мен бірқатар қорытынды құжаттарының жобалары қаралды және жалпы келісілді.
ШЫҰ елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер бойынша сындарлы пікір алмасып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жаңа коронавирус инфекцияның пандемиясы жағдайындағы ынтымақтастығын талқылады.
Министрлер қазіргі заманғы мемлекетаралық қатынастар жүйесінің ықпалды қатысушыларының бірі болып табылатын және аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға айтарлықтай үлес қосатын Ұйымының рөлі мен орнын одан әрі арттыруды келісті.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің диалог бойынша байқаушылар және әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастығын дамытудың, сондай-ақ ШЫҰ-ның халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимылын жолға қоюдың маңыздылығы атап өтілді.