12 Наурыз 2026, 15:30 Фото: видеодан скриншот

СІМ, Бас прокуратура және ҰҚК қазақстандықтардың Дубайдағы мүлкіне қатысты жауап берді

СІМ, Бас прокуратура және ҰҚК қазақстандықтардың Дубайдағы жылжымайтын мүлкі туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

Дубайдағы «Fairmont The Palm» тұрғын үй кешеніндегі өрт туралы хабарламалардан кейін БАҚ беттерінде бұл нысанда қазақстандықтардың жылжымайтын мүлкі болуы мүмкін екендігі туралы жарияланымдар пайда болды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, Бас прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік комитеті BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап бере отырып, аталған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. 

Бас прокуратура: Қаржының шығу тегін тексеру туралы өтініштер түскен жоқ

Бас прокуратура ведомствоға қаражаттың шығу тегінің заңдылығын тексеру бойынша материалдар немесе өтініштер түспегенін хабарлады.

БАҚ сауалдарын қоспағанда, Бас прокуратураға Қазақстан Республикасы азаматтарының «Fairmont The Palm» кешеніндегі шетелдік жылжымайтын мүлікті сатып алуға пайдаланған қаражатының шығу тегінің заңдылығына қатысты материалдар мен өтініштер түскен жоқ, – деп хабарлады Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі қызметі.

Сонымен қатар, қадағалау органы бұл мәселе активтерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында зерттелгенін нақтылады. Алайда, толығырақ ақпарат жария етілмейді. 

Мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның шешімімен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі мәліметтер таратылуы шектелген ақпаратқа жатқызылды, – деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Прокуратура осы кезеңде егжей-тегжейлі ақпаратты жария ету ерте екенін атап өтті.

Ведомство мәліметінше, соңғы 2,5 жылда прокуратура органдары құны 1,3 трлн теңгеден астам активті мемлекетке қайтару бойынша шаралар қабылдаған, оның ішінде 1,076 трлн теңгелік актив нақты қайтарылды.

ҰҚК: Мәліметтер жоқ

Ұлттық қауіпсіздік комитеті де BAQ.KZ сауалына жауап берді. Ведомство аталған мәселелер бойынша мәліметтер жоқ екенін хабарлады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сіздің сауалыңызды қарады. Аталған мәселелер бойынша мәліметтер жоқ екенін хабарлаймыз, - делінген ресми жауапта.

СІМ: Қазақстан азаматтарынан өтініштер түскен жоқ

Сыртқы істер министрлігі қолда бар ақпаратқа сәйкес, Дубайдағы жылжымайтын мүлік нысандарының зақымдануына байланысты Қазақстан азаматтарынан ресми өтініштер түспегенін хабарлады.

Қолда бар ақпарат бойынша, «Fairmont The Palm» (Дубай) тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлік нысандарының зақымдануына байланысты ҚР азаматтарынан ресми өтініштер түскен жоқ, – деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Ведомство сонымен қатар Қазақстан азаматтарының Біріккен Араб Әмірліктерінде жылжымайтын мүлкінің болуы туралы ақпарат сол мемлекеттің құзырлы органдарының қарауында екенін атап өтті.

Министрлік өтініштер түскен жағдайда қазақстандық дипломатиялық өкілдіктер қажетті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Қазақстан азаматтарынан өтініштер түскен жағдайда, Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі шетелдік мекемелері қолданыстағы заңнама мен халықаралық тәжірибе аясында қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуге дайын, – деп атап өтті СІМ.

Айта кетейік, осыған дейін Дубайдағы «Fairmont The Palm» тұрғын үй кешеніндегі өрт туралы хабарламалар, сондай-ақ осы нысанда қазақстандықтардың жылжымайтын мүлкі болуы мүмкін екендігі туралы жарияланымдар бірқатар халықаралық және қазақстандық БАҚ-та талқыланып, қоғамдық қызығушылық тудырған болатын.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Дубайдан пәтер сатып алған қазақстандық бұрынғы шенеуніктердің мүлкіне қатысты қоғамда туындаған сұрақтарға пікір білдірді