СІМ Ауғанстандағы қазақтармен байланыс орнату үшін журналистердің көмегіне жүгінді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин арнайы өткен брифингте Ауғанстандағы этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіру мәселесіне қатысты айтты.
Бұған дейін Мемлекет басшысы ауған жеріндегі қазақтарға жәрдем беру туралы шешім қабылдаған еді. Бұл жөнінде СІМ-ге ондағы қазақтарды көшіру бойынша тапсырма берілген. Бұл жөніндегі жұмыстарды елшілік жүргізіп жатыр. Біздің мәлімет бойынша, Ауғанстанда 13 этникалық қазақ отбасы тұрады. Олар елдің әр түкпірінде орналасқан, негізінен солтүстіктегі елді мекендерде тұрады. Елшілік олармен үнемі байланысып отырады. Олардың ішінде белсенділері бар, солармен тығыз байланыс орнатылған. Қазір барынша дерек жинау жүріп жатыр, - деді Рахметуллин.
Сонымен қатар ол Ауғанстандағы қазақтармен сөйлескен журналистерге өтініш жасап, олармен қалай байланыс орнатуға болатынын сұрады.
Ондағы адамдардың телефонын берсеңіздер, оны елшілікке тапсырамыз. Ары қарай олармен байланыс орнатып, барынша көмектесетін болады. Сондай-ақ олардан елге көшкісі келе ме деп сұрау керек. Өйткені көпшілік әзірге көшкісі келмей отыр деген мәлімет бар. Бәрі жағдайдың артын бағып отыр. Егер көшу бойынша көптеген адам жиналса, сәйкесінше оларды эвакуациялау жүргізіледі. Бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауында, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы