СІМ альпинистерді іздеу жұмыстарын бақылауда ұстап отыр – Айбек Смадияров
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қырғызстан тауларында қиын жағдайға тап болған Қазақстан альпинистеріне қатысты мәлімдеме жасады.
«17 тамызда Бішкектегі қазақстандық консулға Қазақстанның 3 альпинисі Тянь-Шань тауының (Қырғызстан, Ыстықкөл облысы) Победа шыңында жоғалып кеткендігі туралы ақпарат түсті. Қазақстан азаматтары Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулиннің 4 тамыз күні Победа шыңына сапарлап шыққандығы анықталды. Олардың барлығы да кәсіби және тәжірибелі альпинистер. 14 тамызда альпинистер аталған шыңды бағындырған. Сол күні ауа райы нашарлап кетті», - деп мәлімдеді Смадияров.
СІМ ресми өкілінің айтуынша, альпинистер 15 тамыз күні шамамен сағат 08.15-те соңғы рет байланысқа шығып, орын алған жайтқа қатысты дабыл қаққан. Сондай-ақ, олар А.Чечулиннің қаза тапқандығын естірткен. Алдын ала мәліметке сәйкес өкпенің ісінуінен. Альпинистер дабыл қаққан сәтте олар 6 900 метр биіктікте болған. Шатырлары мен жабдықтарын жел ұшырып кеткен. Олар қардан шұңқыр қазып, соған жасырынғандықтарын айтты.
«Дипломаттарымыз жедел түрде болған оқиға жайында Қырғызстан ТЖМ-і мен Қазақстан ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің кезекшілік бөліміне хабар берді. 18 тамызда аталған жорықты ұйымдастырған туристік компанияға тиесілі тікұшақ альпинистер жоғалған болжамды ауданды шолу үшін екі рет әуеге көтерілді. Өкінішке орай, нәтиже жоқ. Себебі тауда бірнеше рет көшкін жүріп, аталған ауданды қар басып қалды. Құтқару операциясына аталған таулы аймақта тікұшақтың небәрі 4 500 метрде ғана ұшуына рұқсат берілуі, сонымен қатар қолайсыз ауа райы кедергі келтіруде», - деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан елшілігінде жедел штаб құрылып, ол жоғалған альпинистерді іздеуге барынша көмек көрсетіп жатыр. Дипломаттар Қазақстан мен Қырғызстанның құзіретті органдарымен және жоғалған альпинистердің туыстарымен тұрақты байланыста. Консул мен Мұрат Өтепбаевтың туыстары түнімен Елшілікте болып, үйлестіру мәселелерін бірлесіп қарастырды.
«Қырғыз аумағында Қазақстан тікұшақтарының ұшуына рұқсатты ұйымдастыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Қазақстан тікұшақтары жоғалғандарды іздеуге көмекке шақырылған Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің кәсіби альпинистер тобын жеткізеді. Бір іздеу тобына танымал альпинист Мақсұт Жұмаев жетекшілік ететіндігі жоспарланған. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің басшылығы альпинистерді іздеу жұмыстарын ерекше бақылауында ұстап отыр. Ақпаратты алған алғашқы минуттардан бастап іздеуге барынша көмек көрсетіп келе жатқан қырғыз тарапымен, ҚР ІІМ ТЖК және Қорғаныс министрлігімен бірлесіп жедел жұмыстарды жүргізуде», - деп түйіндеді Смадияров.
Бұған дейін ҚР Қорғаныс министрлігі Қырғыз елінде жоғалған альпинистерді іздеп жатқанын хабарлаған едік.