Silk Way Star: жарты миллионнан астам дауыс пен Азиядағы жаңа есім
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Silk Way Star вокалдық конкурсының гранд-финалының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Silk Way Star – 12 елдің өнерпаздарын біріктірген алғашқы азиялық мегажоба.
Брифингке:
- Еркежан Күнтуған, «Jibek Joly / Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры;
- Мишель Жозеф, Silk Way Star жобасының жеңімпазы (Моңғолия);
- Ван Дэлу, CMG Еуразиялық бюросының бас редакция меңгерушісі;
- Хун Бин, қазылар алқасының мүшесі (Қытай);
- Шин Мин Чоль, қазылар алқасының мүшесі (Корея);
- Дато Дания, қазылар алқасының мүшесі (Малайзия) қатысты.
Ұйымдастырушылар көрермендер дауыс беруінің және халықаралық қазылар алқасының бағаларының жиынтық қорытындыларын ұсынды. Дауыс беруге түрлі елдерден 508 287 адам қатысқан. Бұл — өңірдегі вокалдық тележобалар үшін ең жоғары нәтижелердің бірі және байқауға халықаралық деңгейде үлкен қызығушылық бар екенін айғақтайды.
Финалдағы орындар аралас жүйе бойынша анықталды: 50% — көрермен дауысы, 50% — қазылар алқасының бағасы.
Silk Way Star Азияның мәдени алуан түрлілігін біріктірген бірегей алаңға айналды. Жоба музыканың елдер арасындағы өзара түсіністікті арттырып, диалогқа жол ашатынын көрсетті. Көрермендердің белсенділігі — жарты миллионнан астам дауыс. Бұл өңірде осындай халықаралық форматтарға қызығушылықтың қарқынды өсіп келе жатқанын дәлелдейді, — деді Еркежан Күнтуған.
Көрермендер жалпы 43 елден өз фавориттеріне дауыс жіберді. Ең көп дауыс Қазақстан, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Ресей, Түркия, Германия, Сингапур, Индонезия, Өзбекстан, Грузия және Малайзиядан түсті.
Жобаның финалы Қазақстанда Jibek Joly телеарнасында тікелей эфирде көрсетілді. Сонымен қатар Қырғызстанда «Музыка» және «Маданият», Әзербайжанда Space TV, Тәжікстанда ТВ Сафина, ал Моңғолияда UBS және AIST GLOBAL арналарында параллель эфирлер ұйымдастырылды. Жалпы алғанда, финалды әлем бойынша телевизия және стриминг платформалары арқылы шамамен 120 млн көрермен тамашалады.