Silk Way Star байқауы келесі жылы Қытайда өтеді

Азиядағы ең ірі вокалдық жобалардың бірі — Silk Way Star келесі жылы Қытайда жалғасады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Jibek Joly телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біздің жоба елдің ішінен тыс шетелдік арналарда да көрсетілді. Тікелей эфирден тыс қаншама жұмыс «Жібек жолы» арнасында іске асты. Әлемдік стандартқа сүйеніп жұмыс істедік. Бізге бұл өте үлкен тәжірибе болды. Өз еліңнен тыс әлемге тікелей эфир тарату оңай емес. Жобаны бастап кеткеннен кейін Индонезия, Вьетнам, Үндістан, Пәкістан қызығушылық танытты. Бірақ биылғы маусымға қатысуға үлгермеді. Жоба 12 елдің аясында шектеліп қалмайды. Қаншама Азия елдері бар. Азияда мәдени тұрғыда біріктіретін ортақ алаң жоқ. Мәселен, Жапония. Сонымен қатар араб елдері де қызығушылық білдіріп отыр. Күні кеше финалға Кувейттің елшісі қатысты. Бұл бастамасы ғана, жоба алдағы уақытта бүкіл Азияны қамтиды деп ойлаймын, — деді Еркежан Күнтуған.

Ал CMG Еуразиялық бюросы бас редакциясының меңгерушісі Ван Дэлу Silk Way Star өңір елдері арасындағы мәдени ынтымақтастық үшін маңызды оқиғаға айналды деп отыр. Оның айтуынша, Қытайдағы көрермендер конкурстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және бірнеше ай бойы қызықты өткенін ерекше бағалаған.

Қытай медиа корпорациясының қызметкерлері де, көрермендері де конкурс барысында әр кезеңге мұқият назар аударды. CMG бұл жобаның тең ұйымдастырушысы, бұл біз үшін үлкен құрмет. Кеше біз үшін күтпеген жаңалық болды: құрметті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қатысушыларға арнайы жолдау жіберді. Бұл — конкурсты ұйымдастыру жұмысына берілген жоғары баға және Қытай медиакорпорациясына көрсетілген үлкен сенім, — деді ол.

Ван Дэлу келесі маусымды Қытайда өткізуге дайын екендерін айтты.

Біз эстафетаны қабылдауға дайынбыз. Келесі конкурс Қытайда өтеді. Желтоқсан айында барлық детальдарды талқылап, процестің қалай жүретінін қазақстандық әріптестердің тәжірибесіне сүйене отырып шешеміз, — деді ол.

CMG өкілі финалдың өзіне қалдырған жеке әсерімен де бөлісті.

Бұл жай ғана конкурс емес, гуманитарлық маңызы бар іс-шара. Финалға жеті әншінің өткенінің өзі символикалық. Себебі жеті дегенде бірден Жетісу, наурыз-көже ойға оралады. Бұл қазақ мәдениетін кеңінен көрсетуге таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Қазақстанда өмір сүріп, жұмыс істеген адам ретінде осы істің бір бөлшегі бола алғаныма өзімді бақытты санаймын, — деді Ван Дэлу.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ortcom.kz
Өзгелердің жаңалығы