Елордада велотректен халықаралық турнир басталады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтанда велотректен Silk Way Series Astana халықаралық турнирі өтеді. 19 мамырға дейін жалғасатын дода CL2 және CL1 санатындағы турнирлер қатарына жатады. Жарыста кубоктік кезеңдерге қатысу үшін рейтингілік ұпай таратылады, деп жазды Olympic.kz.
CL1 санатындағы турнир Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.
Велобәйгеге Ұлыбритания, Қытай, Гонконг, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Украина, Голландия, Испания, Литва, Латвия және Қазақстан спортшылары қатысады.
Велошабандоздар 7 дисциплина бойынша – спринт, омниум, мэдисон, скретч, кейрин, із қуудан жекелей жарыс және ұпай бойынша топтық жарыстан жүлделі орындар үшін таласқа түспек.
Қазақстан атынан төмендегі спортшылар жарыс жолына шығады:
Әлішер Жұмақан, Роман Василенков, Сұлтанмұрат Мірәлиев, Никита Панасенко, Йоган Штеин, Роберт Гайнеев және Жанерке Санақбаева қатысады.
Команданың бас бапкері - Владимир Бушанский.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда өтетін дүбірлі сында Олимпиада ойындарының алты дүркін жеңімпазы, ұлыбританиялық Джейсон Кенни де бақ сынайды.