Сиднейдегі жағажайда болған атыстан қаза тапқандар саны 15-ке жетті

Жаңа Оңтүстік Уэльс полициясы Сиднейдегі Бонди жағажайында болған атыс салдарынан 15 адам, оның ішінде бір баланың қаза тапқанын мәлім етті. Қаза тапқандардың жасы 10-нан 87 жасқа дейін, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Шабуыл Ханукка мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шара кезінде жасалған. Полиция бұл оқиғаны террористік акт ретінде қарастырып отыр.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шабуыл жасаған екі адам – әкесі мен баласы. 50 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмған, ал 24 жастағы ер адам ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген.

Австралия премьер-министрі Энтони Албанезе бұл шабуылды еврей қауымына қарсы әдейі бағытталған «таза зұлымдық әрекеті» деп атады.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп оқиғаны антисемиттік сипаттағы әрекет деп сипаттап, барлық зардап шеккендерге көңіл айтты.

Сонымен қатар, Трамп шабуыл кезінде ерекше ерлік көрсеткен адамға да тоқталды. Оның айтуынша, бұл азамат атқыштардың бірімен күресіп, ауыр жарақат алса да, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды, оған үлкен құрмет көрсетілуі тиіс.

Бұл шабуыл қоғамда қауіпсіздік пен дінаралық татулық мәселесін қайта назарға шығарды. Оқиға Ханукка мерекесіне арналған шара кезінде болғандықтан, антисемиттік әрекет ретінде қарастырылып отыр.

Еске сала кетейік, 14 желтоқсанда қылмыскерлер еврейлердің Ханука мерекесіне арналған іс-шара кезінде Сиднейдегі Бонди жағажайында адамдарға оқ жаудырған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы