Сібір театры елордада алғаш рет өнер көрсетеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Д.Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театрының жауапты гастролі "Астана Операда" өтеді.
Еске салар болсақ, жақында ғана "Астана Опера" ұжымы Д.Хворостовский атындағы бірінші халықаралық фестивальде өнер көрсетті. 23 және 25 қазан күндері Красноярск опера және балет театрында қазақстандық әртістер П.Чайковскийдің "Евгений Онегин" операсын ұсынса, 24 қазанда өлкелік филармония сахнасында көрерменге ұлттық және батыс еуропалық классика туындыларынан симфониялық бағдарламаны тарту етті.
Өз кезегінде, гастрольшілер елордалық тыңдарманға А.Бородиннің "Князь Игорь" монументалдық классикалық операсын ұсынбақ, бұл – Красноярск опера және балет театры үшін айрықша спектакль. Дәл осы операның премьерасымен бірінші театр маусымы ашылып, өнер ордасының тарихы басталған еді. Көптеген жылдардан соң туынды тыңдарман арасында танымалдылығын жоғалтқан жоқ әрі осынау ресейлік өнер алаңының бетке ұстар өзіндік қойылымына айналды.
Ұжымның елордалық тыңдарманға ұсынатын қойылымының премьерасы 2013 жылғы маусым айында өтіп, театрдың 35 жылдығына арналған болатын. 2018 жылғы ақпан айында театрға Дмитрий Хворостовскийдің есімі берілді, көрнекті әнші әлемдік атаққа жетелеген жолын дәл осы сахнадан бастаған еді.
Красноярск қойылымындағы "Князь Игорь" операсы – көріністі, ауқымды спектакль, онда әртістердің орасан зор саны өнер көрсетеді. Опера түрлі жарқын хор көріністері мен балеттік нөмірлерге бай, олардың ішіндегі ең танымалдары – "Қыпшақ билері" мен хордың орындауындағы қыпшақ тұтқын әйелдерінің "Улетай на крыльях ветра" әні, - делінген ақпаратта.
Ресейлік ұжым А.Глазуновтың "Раймонда" романтикалық балетін ұсынады, оның сюжеті жорықтан сүйіктісін күткен қыз туралы рыцарлық аңызға негізделген. Ең көріністі әрі орындалуы жағынан күрделі қойылымдардың бірінде хореограф классикалық би қимылдары арқылы испан-араб және венгр сарындарын балет туындысында шебер жандандыра отырып, классикалық би қозғалыстарымен орта ғасырлық кезеңді суреттейді.