Вашингтондағы кездесу Қытай мен АҚШ қатынасын өзгертті ме?
Қытайды зерттеу орталығы сарапшылары Вашингтондағы кездесудің қорытындысын саралап, оның әлемдік саясат пен Орталық Азияға ықпалын түсіндірді.
Қытай мен АҚШ арасындағы стратегиялық бәсекелестік жаңа кезеңге өтті. Қыркүйек айында Вашингтонда өткен Си Цзиньпин мен Дональд Трамптың кездесуі екі ел арасындағы қайшылықтарды жойған жоқ. Алайда тараптар сауда, инвестиция және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты реттеудің нақты тетіктерін қалыптастыруға қадам жасады. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Қытайды зерттеу орталығыың сарапшылары айтып берді.
Сарапшының айтуынша, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 23-25 қыркүйекте АҚШ-қа жасаған мемлекеттік сапары Қытай мен Америка басшыларының жарты жылға жетпейтін уақыт ішіндегі екінші жеке кездесуіне айналды. Вашингтондағы кездесудің маңызы екіжақты байланыстардың қарқындылығымен ғана емес, мамыр айында Бейжіңде өткен саммиттен кейін қалыптаса бастаған қарым-қатынас моделінің нақты мазмұнмен толықтырылуымен де айқындалады.
Кездесу қорытындысы бойынша екі ел өзара құрмет, әділдік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген стратегиялық тұрақтылықтың сындарлы қатынастарын қалыптастыру ниетін растады. Сонымен қатар Сауда кеңесі мен Инвестициялар кеңесінің жұмысы басталып, жасанды интеллект бойынша жеке диалог пен осы саладағы күрделі оқиғалар кезінде жедел байланыс орнатуға арналған екіжақты арна құрылды.
Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенова бұл кездесудің басты нәтижесі саяси уағдаластықтар мен оларды жүзеге асыруға арналған институционалдық тетіктердің қатар қалыптасуында екенін атап өтті.
Вашингтондағы кездесуді Бейжің мен Вашингтон арасындағы стратегиялық жақындасудың басталуы деп түсіндіру дұрыс емес. Тайвань, технологиялық шектеулер, стратегиялық маңызы бар минералдар, сауда балансы және қауіпсіздік мәселелеріне қатысты келіспеушіліктер әлі де сақталып отыр. Алайда кездесудің нәтижесін серпіліс деп бағаласақ, ол басқа бағытта көрініс тапты. Қытай мен АҚШ бәсекелестіктің өзін институционалдық негізде реттеуге қадам жасады, – дейді сарапшы.
Сауда мен технология саласындағы жаңа тетіктер
Сарапшының пікірінше, екі ел арасындағы бәсекелестікті реттеудегі өзгерістер сауда-экономикалық салада айқын байқалады. Бұған дейін құрылған Сауда кеңесі нақты жұмысқа кірісіп, тараптар әр бағыт бойынша шамамен 30 миллиард доллар көлеміндегі құпия емес әрі сезімталдық деңгейі төмен тауарларға неғұрлым қолайлы тарифтік режим енгізу жөнінде ұсынымдар әзірлеген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасындағы кедергілерді жою жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Ал Инвестициялар кеңесі инвестициялық жобалар мен бизнеске кедергі келтіретін мәселелерді тұрақты талқылауға арналған алаңға айналуы тиіс.
Орталық мұны жаңа ауқымды сауда келісімі деп бағалауға әлі ерте екенін айтады. Дегенмен бұл тетіктер саммиттер арасында да жұмыс істейтін, дағдарыс кезінде ғана іске қосылатын келіссөздерден өзгеше тұрақты диалог форматына көшуге мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды бағыт – жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық. АҚШ пен Қытай жаңа технологиялардың мүмкіндіктері мен тәуекелдерін талқылауға арналған жеке формат құрып, осы саладағы ықтимал оқиғаларға байланысты екіжақты байланыс арнасын ашуға келісті. Келесі пікір алмасу қараша айына дейін өтуі тиіс.
Әлемдегі технологиялық бәсекелестіктің негізгі екі қатысушысы саналатын АҚШ пен Қытайдың осындай тетік құруы маңызды. Технологиялық жарыс тоқтамайды. Алайда тараптар кейбір тәуекелдерді тек ұлттық деңгейдегі шаралармен тиімді басқару мүмкін емес екенін мойындап отыр, – дейді Қытайды зерттеу орталығының өкілі.
Экономикалық бәсекелестіктің жаңа шектері
Шаймергенова Вашингтондағы кездесу екі ел арасындағы экономикалық бәсекелестікте қолданылатын құралдардың арақатынасы да өзгеріп жатқанын көрсеткенін атап өтті.
АҚШ озық технологиялар, жаһандық қаржы, жартылай өткізгіштер өндірісі және халықаралық одақтастар жүйесі бойынша елеулі артықшылықтарын сақтап отыр. Ал Қытай өнеркәсіптік өндіріс ауқымы, жаһандық жеткізу тізбектері және стратегиялық маңызы бар минералдар саласындағы әлеуетімен ерекшеленеді.
Әсіресе сирек жер элементтерін өндіру мен өңдеудің басым бөлігіне Қытайдың бақылау жасауы екі ел арасындағы тарифтік және технологиялық текетірестің одан әрі ушығуына белгілі бір шектеу қойып отыр. Сарапшының сөзінше, Қытай жеткізіліміне тәуелділік АҚШ-тың келіссөздердегі ұстанымына да әсер етеді.
Соған қарамастан, сирек жер элементтері мен басқа да стратегиялық маңызы бар минералдардың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету мәселесі әлі шешілген жоқ. Ақ үйдің қорытынды құжатында да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатыны көрсетілген.
Экономикалық текетірес біртіндеп екі тараптың да мүмкіндіктерін шектейтін сипатқа ие болып келеді. Екі елдің ешқайсысы екіншісін жаһандық өндірістік және технологиялық тізбектерден елеулі шығынсыз толықтай ығыстыра алмайды. Бұл тәуекелдерді азайту саясаты мен технологиялық шектеулер жойылады дегенді білдірмейді. Керісінше, шамадан тыс шиеленістің құны артып отырғанын көрсетеді, – деп түсіндірді сарапшы.
Кездесуде қандай мәселелер шешімін таппады?
Сарапшының айтуынша, Вашингтондағы келіссөздерде бірқатар маңызды мәселе бойынша ортақ шешімге қол жеткізілген жоқ. Соның ішінде Тайвань мәселесі екі ел арасындағы ең сезімтал саяси тақырыптардың бірі болып қала береді.
Қытай Тайвань мәселесін егемендік пен аумақтық тұтастыққа қатысты мәселе ретінде қарастырады. Ал АҚШ Тайваньмен құқықтық және саяси қатынастарын, оның ішінде қорғаныс қабілетін қолдауды жалғастырып отыр. Вашингтондағы кездесу осы түбегейлі қайшылықты жоя алған жоқ.
Бұдан бөлек, технологиялық бәсекелестікке қатысты ауқымды ымыраға қол жеткізілген жоқ. АҚШ-тың озық жартылай өткізгіштер мен оларды өндіруге қажетті жабдықтарға қатысты шектеулері сақталып отыр. Жасанды интеллект жөніндегі диалог технологиялық көшбасшылық үшін бәсекелестікті тоқтатуға емес, оның тәуекелдерін басқаруға бағытталған.
Стратегиялық маңызы бар минералдар мәселесі де толық шешілген жоқ. Қазір бұл мәселе коммерциялық шеңберден шығып, мемлекеттер арасындағы стратегиялық тепе-теңдіктің маңызды бөлігіне айналып келеді.
Сондықтан кездесудің нәтижесін бәсекелестіктің себептерін жою емес, оның шарттарын тұрақтандыру деп бағалаған дұрыс, – дейді ол.
Әлемдік күштер тепе-теңдігі қалай өзгеріп жатыр?
Сарапшы Қытай мен АҚШ қарым-қатынасы жаңа кезеңге өткенін айтады. Бұған дейін екі ел арасындағы пікірталастарда экономикалық байланыстарды үзу, яғни «ажырау» мәселесі жиі көтерілетін. Ал қазіргі жағдай әлдеқайда күрделі үдерістің қалыптасып жатқанын көрсетеді. Атап айтқанда, технологиялық және стратегиялық дербестікті арттырумен қатар, өзара экономикалық тәуелділік те сақталып отыр.
Басқаша айтқанда, әлемдік экономика бір-бірінен толық оқшауланған екі блокқа бөлініп жатқан жоқ. Бейжің мен Вашингтон технология, қаржы және өндіріс салаларындағы өз мүмкіндіктерін арттыруды жалғастыра отырып, толық ажырау тым қымбатқа түсетін бағыттар бойынша келісімге келуге де мүдделі.
Бұл жағдай әлемдік көпполярлықтың сипатына да әсер етеді. Қытай АҚШ-ты әлемдік жүйедегі жалғыз орталық ретінде алмастырып отырған жоқ. Сол сияқты АҚШ та Қытайдың жаһандық экономикадағы ықпалын толық шектей алмайды.
Осының нәтижесінде технология, қаржы, өнеркәсіп, шикізат ресурстары, сауда және қауіпсіздік салаларындағы ықпал әртүрлі бөлінетін күрделі жүйе қалыптасып келеді. Сарапшының пайымдауынша, алдағы жылдары халықаралық жүйенің негізгі ерекшеліктерінің бірі осы функционалдық көпполярлық болуы мүмкін.
Қытай мен АҚШ қатынасының аймақтарға әсері
Гүлнар Шаймергенова екі ел арасындағы қатынастардың тұрақтануы әлемнің әртүрлі аймақтарына өзіндік әсер ететінін атап өтті.
Шығыс Азия үшін Қытай мен АҚШ арасындағы шиеленістің күрт күшею қаупінің төмендеуі, ең алдымен, қауіпсіздік тұрғысынан маңызды. Дегенмен өңірдегі АҚШ одақтастары Вашингтон мен Бейжің арасындағы тұрақтану үдерісінің Американың серіктестер алдындағы міндеттемелерімен және Тайвань төңірегіндегі жағдаймен қаншалықты үйлесетінін жіті қадағалайды.
Еуропа үшін екі ел арасындағы қатынастардың реттелуі сауда мен өндірістік жеткізу тізбектеріндегі жаңа ауқымды күйзелістер қаупін төмендетеді. Сонымен бірге Еуропа мемлекеттеріне Қытаймен экономикалық байланыстарды сақтай отырып, технологиялық және экономикалық саясат мәселелерінде Вашингтонмен үйлесімді әрекет ету жолдарын іздеуге тура келеді.
Ал жаһандық Оңтүстік елдері үшін бұл үдерістің экономикалық маңызы зор. Әлемдегі екі ірі экономиканың текетіресі бәсеңдесе, тарифтердің, тауар жеткізілімдерінің, инвестициялардың және қаржыландыру құнының күрт өзгеру қаупі де азаяды. Бұған қоса, Қытай мен АҚШ бір-бірінің тиісінше АТЭС пен G20 саммиттерін өткізуіне қолдау көрсетуге дайын екенін растаған. Бұл жаһандық экономика мәселелері бойынша екі елдің өзара іс-қимылына қосымша мүмкіндік береді.
Таяу Шығыс үшін Қытай мен АҚШ қатынастарының маңызы энергетика және өңірлік қауіпсіздік мәселелерімен тығыз байланысты. Келіссөздерде Иран мен халықаралық көлік дәліздерінің тұрақтылығы талқыланды. Сонымен қатар Вашингтон Қытайды әлемдік нарықтағы мұнай өнімдерінің ұсынысын арттыруға жәрдемдесуге шақырды.
Орталық Азия үшін қандай мүмкіндіктер бар?
Сарапшы Қазақстан мен Орталық Азияның басқа мемлекеттері үшін Вашингтондағы кездесудің басты маңызы екі ел арасындағы бәсекелестіктің ауқымды блоктық текетіреске ұласу ықтималдығының төмендеуінде екенін атап өтті.
Өңір Қытаймен сауда, көлік, энергетика және инфрақұрылым салаларында тығыз байланыс орнатқан. Сонымен қатар Орталық Азия елдері АҚШ пен Батыстың инвестицияларына, технологияларына, қаржы институттарына және білім беру саласындағы ынтымақтастығына да мүдделі. Сондықтан халықаралық жүйедегі қатаң полярлану өңір мемлекеттерінің көпвекторлы саясатын жүзеге асыру мүмкіндіктерін шектейді.
Ал бәсекелестіктің институционалдық негізде реттелуі Орталық Азия елдеріне ынтымақтастықтың бірнеше бағытын қатар дамытуға мүмкіндік береді.
Дегенмен сарапшы сыртқы саяси жағдайдың күрделене түсетінін де ескертеді. Технологиялық бәсекелестік күшейген сайын жабдықтардың шығу тегі, цифрлық инфрақұрылым стандарттары, стратегиялық маңызы бар минералдар, экспорттық бақылау және логистикалық тізбектер мәселелерінің маңызы арта түседі.
Осыған байланысты Орталық Азия елдеріне халықаралық жобаларды тек экономикалық тиімділігі тұрғысынан ғана емес, олардың әртүрлі технологиялық және реттеуші жүйелермен үйлесімділігі жағынан да бағалауға тура келеді.
Қазақстан үшін көлік байланысының маңызы ерекше. Егер Қытай мен АҚШ арасындағы бәсекелестік басқарылатын сипатта қалса, Еуразия арқылы өтетін транзиттік бағыттар негізінен экономикалық қызметін сақтайды. Ал әлемдік экономика қатаң бөлінген жағдайда бұл бағыттар стратегиялық бәсекелестік тұрғысынан да қарастырылуы мүмкін.
Сондықтан Бейжің мен Вашингтон арасындағы қатынастардың тұрақтылығы – әлемдік саясаттың дерексіз мәселесі емес. Бұл – өңір елдерінің өз экономикалық шешімдерін қабылдау мүмкіндіктерін айқындайтын факторлардың бірі, – деп атап өтті Қытайды зерттеу орталығы.
Алдағы уақытта қандай өзгерістер болуы мүмкін?
Орталық сарапшысының пікірінше, Вашингтондағы кездесуден кейін екі ел арасында кең ауқымды жақындасу да, бақылаусыз текетіреске қайта оралу да негізгі бағыт болмайды. Керісінше, басқарылатын стратегиялық бәсекелестік кезеңі жалғасуы ықтимал.
Бұл үдеріс үш негізгі бағытты қамтиды. Біріншіден, АҚШ пен Қытай технология, өнеркәсіп саясаты және қауіпсіздік салаларындағы бәсекелестігін жалғастырады. Екіншіден, күрделі дағдарыстардың алдын алуға бағытталған тетіктер дамиды. Үшіншіден, өзара тәуелділік деңгейі жоғары салаларда екі ел шектеулі практикалық келісімдерге келуге ұмтылады.
Алайда бұл модельдің тиімділігі тараптардың мәлімдемелерімен емес, құрылған тетіктердің нақты жұмысымен бағаланбақ. Атап айтқанда, Сауда және Инвестициялар кеңестерінің шешімдерін іске асыру, жасанды интеллект жөніндегі диалогтың келесі кезеңі, стратегиялық маңызы бар минералдарға қатысты жағдай және экономикалық уағдаластықтардың орындалуы негізгі көрсеткіштерге айналады.
Қыркүйектегі кездесудің басты маңызы – Қытай мен АҚШ-тың стратегиялық бәсекелестікті еңсеруінде емес. Бұған қол жеткізілген жоқ. Маңыздысы – екі ірі державаның бәсекелестікті үнемі дағдарысқа ұластырмай, оны белгілі бір ережелер аясында жүргізуге мүмкіндік беретін тетіктерді қалыптастыруға ұмтылуы, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, егер бұл тетіктер тұрақты жұмыс істесе, Вашингтондағы кездесудің салдары екіжақты қатынастармен шектелмейді. Оның ықпалы Азия мен Еуропадағы ахуалдан, әлемдік сауда мен технологиялық саясаттан бастап, жаһандық жеткізу тізбектері және орта державалардың дербес сыртқы саяси таңдау жасау мүмкіндіктеріне дейін сезілуі мүмкін.
Сондықтан Си Цзиньпин мен Дональд Трамптың кездесуінің ұзақ мерзімді маңызын дәл осы тұрғыдан бағалауға болады.