Си Цзиньпин мен Дональд Трамптың кездесуі жалғасуда
Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың келіссөзі жабық есік жағдайында жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл кездесу екі державаның сауда, экономика және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға бағытталған. Си Цзиньпин сөйлеген сөзінде Қытай мен АҚШ-тың әлем алдындағы жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті.
Біздің елдеріміз жаһандық қиындықтар кезеңінде өз міндетін бірлесе атқаруы тиіс. Екі елдің және бүкіл әлемнің игілігі үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуге дайынбыз, - деді ол.
Қытай басшысы Дональд Трамптың халықаралық тұрақтылыққа қосқан үлесін жоғары бағалады. Ол АҚШ президентінің Газа аймағындағы атысты тоқтату келісіміне және Камбоджа мен Таиланд арасындағы бейбітшілік декларациясына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар Си Цзиньпин Қытайдың да түрлі аймақтардағы шиеленістерді бейбіт жолмен реттеуге күш салып жатқанын айтты. Оның айтуынша, Қытай мен АҚШ әлемдік бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде серіктес болуы қажет.
Қытай мен Америка әрқашан серіктес әрі достас елдер болуы керек. Бұл - тарихтың сабағы және қазіргі шындықтың талабы, - деді Си Цзиньпин.