Си сапары. «Ескі Қазақстанда» аяқсыз қалған жоба немесе «Жаңа Қазақстан» не ұсына алады?
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің кешегі сапары медиада «постковидті премьера» ретінде әспеттелді, деп хабарлайды Алматы облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бірақ бұл Си мырзаның Қазақстанға бірінші рет келуі емес. Осыдан 9 жыл бұрын, 2013 жылдың қыркүйек айында Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келіп, дәл осы жерде «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бастамасын жариялаған болатын. Ол өзінің жемісін берді.
Бастама аясында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолы салына бастады және оның Қазақстан аумағындағы участкелері қазір еліміздің инфрақұрылымы мен логистикасына жақсы еңбек етіп келеді. Құрғақ жолдағы транзиттік әлеуеттің артқаны да байқалды.
Қытаймен арадағы экономикалық байланыс қазір қандай деңгейде?
Ұлттық статистика бюросы, Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ұлттық Банк деректерін саралай отырып, 2022 жылдың бірінші тоқсанында біздің отандық компаниялардың Қытайдан 310 миллион доллар инвестиция тартқанын көруге болады. Статистика оның өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,1%-ға жоғары екенін тіркеген. Тек Қытайдан ғана инвестиция тартпай, өз кезегінде Қазақстан да Қытай кәсіпорындарына 12,2 миллион доллар инвестиция құйған. Ол 2021 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 11,9%-ға артық.
2021 жылды ковидтен кейінгі бас көтеру уақыты деп есептесек, онда ол жылы «төмен база» әсері болғанын ескеру керек. Сондықтан, Си мырза қазақ экономикасына қаншалықты импульс берді деген сұраққа 2022 мен 2023 жылдардың қортындысын салыстырып қана жауап беруге болады.
Дәл қазіргі уақытта Қазақстанда Қытай капиталы мен заңды тұлғаларының қатысуымен барлығы 1,6 мың компания жұмыс істейді. Оның ішінде 19 ірі, 14 орта және 1,5 мың шағын кәсіпорын бар. Бұл көлем өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға жоғары. Қытайға қатысы бар компаниялар бізде негізінен сауда, құрылыс, тау-кен өндіру және карьерлерді қазу, өңдеу өнеркәсібі, ақпарат және байланыс салаларында ұсынылған. Қытай инвестициясын Алматы мен Астана қалалары көбірек тарта алды.
Биылғы алғашқы жеті айда Қазақстан-Қытай сауда айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,8%-ға өсіп, импорт бойынша 13,5 миллиард долларды құрады. Біз Қытайдан 1,3 миллион компьютер, 2 миллион смартфон, 49 мың дана электрогенератор, 2,7 мың бульдозер мен 114 миллион доллардың автобөлшегін тасығанбыз.
Ал Қазақстаннан Қытайға экспортталатын тауардың ішінде мұнайдың үлесі тым басым. 2,5 миллиард долларға 3,4 млн тонна мұнай экспорттадық. Онымен бірге бізден Қытайға тазартылған мыс, мыс кені, мұнайдың ілеспе газы мен ферроқорытпалар жөнелтілген.
Бұдан әрине, Қытайдың технологиялық дамыған, дайын өнімдер шығаратын ел екенін, ал біздің әлі де «аборигендік деңгейде», яғни шикізаттық қауым болып отырғанымызды көруге болады.
Қазақстандағы Қытайдың 55 зауыты қайда?
2016 жылдары, яғни сотталған және енді мемлекеттік қызметке жоламастай болған Қуандық Бишимбаев дәуірінде (бізде кезінде сондай Ұлттық экономика министрі болған) Қытайдағы басы артық өндірісті Қазақстанға көшіру жобасы желеулетіп насихатталды. Ондағы кәсіпорындар саны да нақтыланып, «55 Қытай зауыты» деген ат беріліп, осы жобаның пиар кампаниясы дүркіреп өтті. Тіпті жобаға қарсылар да табылып, митингілеткені әлі күнге дейін есте. Негізі митингке қатысқандар бекер энергия жұмсады, себебі сол 55 зауыт атымен жоқ. Бар-жоғы 5 зауыт қана жұмыс істейді.
Оларды жаттап алуға болады: Оңтүстік Қазақстанда шұбат шығаратын зауыт, Қарағанды маңында жіксіз құбыр шығаратын зауыт, Солтүстік Қазақстанда JAC автомобилін құрастыратын зауыт пен рапс майын өндіріп, экспорттайтын «Тайынша Май», Павлодар облысында ұнтақ полипропилен өндіретін зауыт.
«55 зауыт» жобасының аяқсыз қалуына Қытай тарапы кінәлі емес. Олар мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аяқталғанға дейін бізден хабар күтті. Бірақ біздің жемқорлық жағдайында жобаны тиімді іске асыру мүмкін болмады.
Бірақ жекелеген инвестициялық жобаларды екі ел бәрібір іске асыра алды. Онсыз болмайтын еді. Қытайлар көмегімен Шымкент мұнай өңдеу зауытын түгел жаңғыртып алдық. Жаңатас жел электр станциясы тұрғызылды. Жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін Атырау мұнай-химия кешені пайда болды. Және Шығыс Қазақстандағы Тұрғысын өзенінде су электр станциясы салынды.
Қытай енді бізбен қандай қарым-қатынас ұстанады?
«Ескі Қазақстанда» өндіріс бойынша ортақ жобамыздан ештеңе шықпағандықтан, сол кездері Қытай Қазақстанмен транзиттік және шикізаттық бағытта ынтымақтасып келді. Яғни, одан кейін бізбен өндіріс жасамады. Жеріміз арқылы Еуропаға тауар шығарды. Сонымен бірге бізден шикізат алып отырды.
Қытай арқылы транизттік коридорлар бізге де керек еді. Әлі де өте қызық. Екіншіден, елімізде Қытайдың инфрақұрылымдық, мол инвестицияларды қажет ететін жобалары көп болса, ол Ресей агрессиясына еш уақытта жол бермейтін болады. Қазір транзит бойынша Қытаймен арада 7 порт, мұнай мен газды тасымалдайтын 5 трансшекаралық құбыр, 2 трансшекаралық теміржол жұмыс істейді. Қорғаста халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы бар. Биылғы жарты жылда СУАР порттары арқылы Қазақстанға Қытай-Еуропа бағытындағы 6195 пойыз өтті.
Қытай осы тасымал қуатын арттыруға мүдделі. Яғни 6 мың пойыз емес, 60 мың пойыз өтсе екен дейді. Сондықтан Қазақстандағы логистикалық мүмкіндіктерді еселеп көбейту Қытай үшін маңызды болып отыр. Осы аяда «Жасыл Жібек жолы», «Салауатты Жібек жолы» және «Цифрлық Жібек жолы» жобалары жасалады деп жоспарланған.
Фактор Си
Си Цзиньпин «Ескі Қазақстанмен» таныс еді. Оның лидерімен бірнеше рет кездесті. Жағдайды білетін. Оған енді «Жаңа Қазақстан» бейтаныс болып тұрды. Тамырын басу қажет еді. Ұзақ үзілістен кейін алғашқы сапарын Астанаға бұрғаны да осы себепке тіреледі. Президент Тоқаевты бейнеконференция арқылы көру басқа, бетпе-бет жүздесіп, қол қысып амандасу басқа. Жеке контакт керек болды.
Контакт дұрыс болса, контракттар да болады. Қытай Си мырзаның осы сапарынан кейін 5G, Big Data, жасанды интеллект, трансшекаралық электрондық коммерция, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы және биомедицина деген бұған дейін бізге ашпаған есіктерді ашуға дайын. Си Цзиньпиннің өзі келіп, тексеріп, «ия, бұл жақта бәрі дұрыс» деген команда беруі керек болатын.
Компартияның қас-қабағын аңдып отыратын Tencent, Huawei, Alibaba, Xiaomi сынды алыптар осындай сигнал алса, іске дереу кірісетін болады. Ал біз күтейік.