+19

ШЫҰ саммиті Қазақстанға не береді? - сарапшылардың жауабы

Астанада шілденің 3-4 күндері Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Жиында ұйымға мүше мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзекті мәселелерді талқыламақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ШЫҰ елдері басшыларының кеңесінде Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның жаңа даму стратегиясы қабылданатынын айтқан еді.

Ұйым қызметін одан әрі жетілдіру жаңа сын-қатерлерге тиімді төтеп беріп, ШЫҰ-ны заман талабына бейімдеу үшін маңызды қадам болмақ. Осы мақсатқа қол жеткізуге арналған Қазақстанның ұсыныстарын ескере отырып, Астанада өтетін келесі саммитке дейін ШЫҰ-ның әлеуетін күшейту тұжырымдамасын қабылдауды ұсынамын, - деді Мемлекет басшысы.

Сыртқы саяси зерттеулер институты Талдау және болжамдау тобының басшысы Әмір Башбаев биыл ШЫҰ-да қандай мәселелер талқыланатынын айтты.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті - халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді ашық талқылауға, бірлесе қабылданған шешімдердің іске асырылу үрдісі жайында ақпаратпен алмасуға мүмкіндік беретін ауқымды іс-шара . Жиында әр елдің басшылары өңірдегі маңызды оқиғаларға тоқталып, ұжымдық күш-жігердің жарқын көрінісі болатын келісілген басымдықтарды талқылап, алдағы кезеңге арналған мақсаттарды анықтайды. Осы тұрғыдан алсақ, қабылдаушы Қазақстан өткен жылы Делидегі кездесуде ұсынылған басымдықтар тізімінде қол жеткізілген ілгерілеушілік туралы есеп бермек. Ұжымдағы сабақтастықты жалғастыру үшін төрағалық ету мәртебесі қытайлық әріптестерімізге тапсырылады, - деді сарапшы.

Башбаевтың айтуынша, ШЫҰ өзі сияқты халықаралық ұйымдармен байланысын күшейтпек.

ШЫҰ халықаралық ұйым ретінде құрылған күннен бастап, басқа ұқсас институттардан қарағанда тұрақты өткізіліп келе жатыр. Бұл қазіргі жаһандық турбуленттілік жағдайдағы Шанхай ұйымының өзектілігінің айғағы. ШЫҰ аясында атқарылып жатқан күрделі жұмыстар саяси, әскери, экономикалық және технологиялық бағыттарды қамтып отыр. Астанада болатын саммит те осындай үдерістің жалғасы болмақ. Оның «Көпжақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбы бойынша өтетінін ескерсек, қазіргі қиын халықаралық жағдайда Ұйым ішіндегі көпжақты диалогтың, сонымен қатар ШЫҰ-мен басқа да маңызды ұйымдар арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға көңіл бөлінетіні сөзсіз. Бұған дәлел ретінде саммитке Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы және басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларының қатысуын айтуға болады, - деді саясаттанушы.

Сарапшы самитте Қазақстан тарапынан қандай мәселелерді қозғайтынын атап өтті.

Мұндай алқалы жиында ортақ қиындықтар мен тәуекелдерді талқылай отырып, менің ойымша, қазақстандық тарап әріптестеріне экономикалық және гуманитарлық салалардағы серіктестікті нығайтуды, инновациялық технологияларды қарқынды қолдануды, әлеуметтік және қаржылық секторларды цифрландыру сияқты маңызды мәселелерге назар аударуды ұсынады. Жиында Беларусь Республикасы Шанхай ұйымына толық мүше ретінде қабылдау күтілуде. Бұл жағдай әлемдегі саяси және экономикалық турбуленттік жағдайдың ушығып тұрған кезінде ШЫҰ-ның беделді халықаралық ұйым ретінде ұйымға мүше емес мемлекеттер үшін тартымдылығын сақтап қалмақ, - деді Башбаев.

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Қазақстан үшін мұндай ауқымды жиындар қандай пайда беретінін түсіндірді.

Қазіргі таңда халықаралық деңгейде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл өзгерістер сыртқы саясатын белсенді жүргізіп отырған елдерге үлкен мүмкіндіктер сыйлайды. Халықаралық сахнаға тәуелсіз ойыншы ретінде шыққан Қазақстан өзінің амбицияларын тұрақты түрде жария етіп келеді. Мұны басқа елдер, соның ішінде ірі алпауыт мемлекеттер аса мән беріп бақылап отыр. Әрине, оларды Қазақстанның өз мақсаттарына қалай қол жеткізгісі келетіні қызықтырады. Қазақстан - Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқан табиғи ресурстарға бай, территориясы үлкен, халқы аз мемлекет. Сондықтан еліміздің әр қадамы назарда екені айдан анық. Біздің ел Ресей мен Қытайды жақтаушы ғана емес, аймақтық мықты ойыншыға айналуға тиіс. Әрине, бұл мақсатқа көрші елдермен экономикалық және саяси қарым-қатынастарды сақтай отырып, қол жеткізу керек, - деді саясаттанушы.

Толғанай Үмбетәлиева еліміз үшін ШЫҰ сияқты басқосулардың маңызы өте зор екенін айтады.

Әсіресе конференция мен маңызды жиындардан соң өтетін сахна сыртындағы келіссөздердің маңызы ерекше. Еліміз үшін ішкі саясат өте маңызды, бірақ қазір сыртқы саясатымызға да бірдей көңіл бөлуге тиіспіз. Оның үстіне кездесу елімізде өтеді, ұйымдастырушы да өзіміз. Бұл - бізге қосымша артықшылықтар береді деп ойлаймын. Мұның бәрін ескерсек, еліміздің сыртқы саясаты үлкен басымдыққа ие кезеңде тұр. Ел ішінде болып жатқан мәселелер биліктің екі тармағы - үкімет пен парламенттің бақылауында. Одан кейінгі орындарды әкімдіктер мен мәслихаттар қарайды. Осы құрылымға қарасақ, Мемлекет басшысы сыртқы саясатқа баса назар аударып, елге көбірек пайда әкелетін жобаларға басымдық бере беретін болады, - деді сарапшы.

Халықаралық қатынастар маманы Риззат Тасымның айтуынша, Қазақстан ШЫҰ-ның қозғаушы күштерінің біріне айналды.

Ұйым аясында Қазақстан көрші елдермен бейбіт кеңістікке қол жеткізді. Мәселен, Қытаймен шекара мәселесі шешімін тапты. Бүгінгі таңда ШЫҰ-ға жаңа миссия жүктеліп отыр. Өйкені қазіргі таңда елдер арасында сенім дағдарысы бар. Яғни бұрын қауіпсіздік саласында келісілген келісімшарттардың жұмыс істемей жатқанын аңғарып отырмыз. Алдағы жиында ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы және ұйымның қызметін жетілдіру тұжырымдамасы қабылданбауы күтілуде. Бұл ШЫҰ-ның жаңа деңгейге шыққанын айқындайтын құжаттар, - деді Риззат Тасым.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы