ШЫҰ саммиті: Астанада қандай маңызды шешімдер қабылданды?
Биылғы айтулы оқиғалардың бірі Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. BAQ.KZ тілшісі самиттің негізгі жаңалықтарына шолу жасады.
Қазақстан 2023 жылғы 5 шілдеден 2024 жылғы 5 шілдеге дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне төралық етті. Жалпы Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылды. Оның негізі 1996 жылы "Шанхай бестігі" ретінде қаланды. Бүгінде ол көпсалалы және көпфункционалды ұйымға айналды.
Қазақстан ШЫҰ құрылғалы бері ұйымға төртінші мәрте төрағалық етіп отыр. Ол – 2004, 2010, 2016 жылдар және 2023 жылдың шілдесінен биылға дейін.
Алғашқы рет "ШЫҰ+" форматында ұйымдастырылды
Биыл саммит алғаш рет жаңа "ШЫҰ+" форматында ұйымдастырылды. Оған сәйкес ұйымның жоғарғы органы – ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысынан бөлек, бақылаушы және серіктес мәртебесін алған мемлекет басшыларымен кездесу өтеді.
Халықаралық іс-шараға Қазақстан, Үндістан, Қытай, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түркіменстанның мемлекет және үкімет басшылары, ШЫҰ бас хатшысы және ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының атқарушы директоры қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы рөліне айрықша тоқталды.
Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған геосаяси қайшылықтар мен қақтығыстардың күшеюіне байланысты туындаған күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Халықаралық қауіпсіздіктің архитектурасына қауіп төніп тұр. Тұтас адамзат үшін оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Осындай сын сағатта бізге өңірлік және жаһандық деңгейдегі ұжымдық күш-жігер арқылы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін орасан зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз беделімен, елеулі экономикалық және адами ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде көтерген "Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу" атты ұраны ортақ миссиямыздың мән-маңызын айқын көрсетеді, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сонымен қатар Тоқаев мәдени орталықтар құру, жастарды тарту, ШЫҰ университеттерін кеңейту және студенттерге, әсіресе техникалық салаларда гранттарды көбейту арқылы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық дамытуды алға тартты.
Біз түрлі табиғи катаклизмдердің айтарлықтай көбейгеніне куә болдық. Әлемдегі барша мемлекет бұдан орасан зор зардап шегіп отыр. Жуырда Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынын бастан өткерді. Мамандардың пікірінше, бұл табиғат апатының ауқымы жаһандық жылыну процесімен тікелей байланысты. Климаттың сын-қатерлерін жалғыз еңсеру мүмкін емес екені анық. Әлемдік қауымдастық экономиканы декарбонизациялау жөніндегі батыл қадамын жалғастыруға тиіс деп санаймын. Бірақ бұл мемлекеттердің дамуға және жаңғыруға бағытталған маңызды міндеттеріне зиянын тигізбеуі керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қытай төрағасы не деді?
Қытай төрағасы Си Цзиньпин ШЫҰ мүше елдерді қауіпсіздік саласындағы мәселелерді диалог арқылы шешуге шақырды.
Беларусь Республикасы ШЫҰ-ға мүше болды
Саммитте Беларусь ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі ретінде ресми түрде қабылданды.
Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенконы қош келдіңіз дегім келеді. Сіздің еліңіз қысқа уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына толыққанды мүше болу жолында барлық қажетті процедураны орындады, - деп құттықтады Мемлекет басшысы.
Президент отырысты Беларусь Республикасын ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қатарына қосу туралы құжатқа қол қою рәсімінен бастауды ұсынды. ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары құжатқа қол қойып, шешім қабылдаған еді.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы декларация қабылдады
ШЫҰ мемлекет басшыларының 24-ші саммитінде Астана декларациясы қабылданды. Декларацияда ұйымның неғұрлым өкілетті, демократиялық, әділ және көпполярлы әлемдік тәртіпті құруға бейілдігі атап өтілген. Астана декларациясына сәйкес, ұйым аясындағы ынтымақтастық Еуразиядағы тең құқықты және бөлінбейтін қауіпсіздік архитектурасына негіз бола алады.
Құжатта ШЫҰ-ның жаһандық бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін күшейтудің маңыздылығы айтылған. Сондай-ақ жаңа әділ, демократиялық, саяси және экономикалық халықаралық тәртіп сақталады. Декларацияда аумақтық тұтастық, ішкі істерге араласпау және күш қолданбау қағидаттары халықаралық қатынастар үшін маңызды болып саналатыны жазылған.
Сонымен қатар декларацияда ұйымға мүше мемлекеттердің дауларды диалог және консультациялар арқылы бейбіт жолмен реттеуге бейілділігі расталған. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер саяси және әлеуметтік-экономикалық даму жолдарын өз бетінше таңдау құқығын құрметтеу қажеттілігі де атап өтілді.
Нұрлан Ермекбаев ШЫҰ-ның Бас хатшысы болып тағайындалды
Ермекбаевты тағайындау туралы шешім Астанада өткен ШЫҰ саммитінде қабылданды.
Ол 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ШЫҰ Бас хатшысы қызметін атқарып келген Қытай өкілі Чжан Минді ауыстырып, ұйымды 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап басқарады.
ШЫҰ-ның 2025 жылғы мәдени астанасы белгілі болды.
Қытайдың Циндао қаласы 2025 жылғы Шанхай Ынтымақтастық ұйымының мәдени астанасы атанды. 2025 жылғы Шанхай Ынтымақтастық ұйымының мәдени астанасы болып Қытай Халық Республикасының Циндао қаласы жарияланды.
Сондай-ақ ШЫҰ-ға төрағалығы Қытайға өтті.
Бұл туралы Ұйымның Бас хатшысы Чжан Мин ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында мәлімдеді.
Қазақстан Республикасына төраға ретіндегі жемісті жұмысы үшін тағы да алғыс айтамын, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының ұйымға төрағалығының басталуымен құттықтаймын, - деді ол.
Саммиттің Астанада өтуі Қазақстанға өзінің халықаралық мәртебесін көтеруге елеулі мүмкіндіктер береді. Сарапшы Ернар Қушалиев осындай пікір айтады.
Саммит барысында 25 көлемді құжатқа қол қойылды, Астана декларациясы қабылданды. Бұл – өте маңызды шешім. Саммиттің Астанада өтуі Қазақстанға өзінің халықаралық мәртебесін көтеруге елеулі мүмкіндіктер береді. Мұндай ауқымды шараның ұйымдастырылуы еліміздің әлемдік аренадағы маңыздылығын көрсетті. Онымен қоса аймақтық және жаһандық мәселелерді шешуге белсене қатысу қабілетін байқатты. Қазақстанның төрағалығымен ұйым күш-жігерін аймақтағы қауіпсіздіктің негізгі қатерлеріне қарсы тұруға жұмылдырды. Бұл бірқатар стратегиялық бастамалардан көрініс тапты. Саммит барысында есірткіге қарсы стратегия, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес бағдарламасы жаңартылып, ұзақ мерзімді перспективалар мен амбицияларды көрсететін ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы мен ШЫҰ қызметін жетілдіру тұжырымдамасы қабылданбақ,- дейді Ернар Қушалиев.
ШЫҰ-ға мүше елдер терроризм мен есірткіге қарсы бірігіп күреспек
Ақорданың мәліметіне сүйенсек, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысында мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің Астана декларациясы;
2. «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» Шанхай ынтымақтастық ұйымының бастамасын бекіту жөніндегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
3. Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
4. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметін жетілдіруге қатысты ұсыныстары туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
5. Беларусь Республикасын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүшелікке қабылдау рәсімінің аяқталуы және оған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін беру туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
6. Беларусь Республикасына Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесі берілуіне байланысты Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үлестік жарнасы туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
7. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын бекіту туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
8. Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2024-2029 жылдарға арналған Ескірткіге қарсы стратегиясын және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
9. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы ынтымақтастығын дамытуға қатысты 2030 жылға дейінгі стратегияны бекіту туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
10. Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2030 жылға дейінгі экономикалық стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
11. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Инвесторлар қауымдастығы туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
12. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғалатын аумақтар (ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қорғалатын табиғи аумақтар) және экологиялық туризм саласындағы ынтымақтастығын дамыту жөніндегі бағдарламасын бекіту туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
13. Қытай Халық Республикасының Циндао қаласын Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2024-2025 жылдардағы туристік және мәдени астанасы ретінде жариялау туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
14. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы диалог серіктестері арасындағы Ықпалдастықты нығайту жөніндегі жол картасын бекіту туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
15. Шанхай ынтымақтастық ұйымының жобалық қызметін қаржылық қолдау тетіктері туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
16. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы мен Есірткі, психотропты заттар және прекурсорлардың заңсыз айналымымен күрес жөніндегі Орталық Азияның өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы өзара түсіністік меморандумына қол қою туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
17. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
18. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
19. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
20. Шанхай ынтымақтастық ұйымының былтыр атқарған қызметі жайындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының баяндамасы туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
21. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының 2023 жылы атқарған қызметіне қатысты Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы кеңесінің баяндамасы туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
22. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің тату көршілік, сенім және ынтымақтастық қағидаттары туралы мәлімдемесі;
23. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ауызсу қауіпсіздігін және санитарияны қамтамасыз ету туралы мәлімдемесі;
24. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің қалдықтарды тиімді басқару туралы мәлімдемесі;
25. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтері арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім.