ШЫҰ-ның кезекті саммиті Үндістанның төрағалығымен өтеді
ШЫҰ-ның кезекті саммиті Үндістанның төрағалығымен онлайн форматта өтеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш ОКҚ алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыштың ақпаратына сәйкес, ШЫҰ-ның кезекті саммиті Үндістанның төрағалығымен онлайн форматта өтеді. Негізгі қорытынды саяси құжат - Дели декларациясы. Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, экономиканы дамытуға және мәдени-гуманитарлық алмасуларға ықпал ететін бірқатар маңызды шешім қабылдануы жоспарланып отыр, - деп айтты ол.
Қанат Тумыштың айтуынша, Иранның ШЫҰ-ға толық форматты қосылуы саммиттің ерекше шешімі ретінде көрініс табады.
Иранның кіруі 3,2 млрд тұрғынды біріктіретін Еуразия аумағының 2/3 бөлігін құрайтын жауапкершілік аймағын кеңейтеді. Бұл жер бетіндегі халықтың 45%-ын қамтитын мәдениеті бай, жарқын дәстүрлері мен әлемдік жалпы ішкі өнімнің төрттен бірін өндіретін экономикалық әлеуеті бар аймақты құрайды, - деп айтты СІМ басшысының орынбасары.