ШЫҰ-ны жаһандық экономикалық платформаға айналдыру өзекті – Мемлекет басшысы
Елордада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Бас прокурорларының 20-отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алқалы отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады. Құттықтау сөзді Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов оқып берді.
Сіздерді Қазақстанда қарсы алғаныма шын жүректен қуаныштымын. Прокуратура қызметі заңдылық пен құқық үстемдігін қамтамасыз етуде, әділетті қоғам құруда маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыда Қазақстан ШЫҰ мемлекеттері қадағалау органдарының көпжылдық ынтымақтастығын жоғары бағалайды, - деді ел басшысы.
Тоқаев трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл ШЫҰ-ның негізгі міндеттерінің бірі саналатынын атап өтті. Оны шешу өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Бас прокурорларының жыл сайынғы дәстүрлі отырыстары жалпы құқықтық саясатты іске асырудың пәрменді құралына айналғанын айтты.
20-шы мерейтойлық отырыстың күн тәртібіне заңсыз шығарылған қаржы қаражатын қайтару бойынша тәжірибе алмасу мәселесі енгізілді. Бұл мәселе ШЫҰ-ны жаһандық экономикалық платформаға айналдыру перспективалары саласында ерекше өзекті. ШЫҰ аясында өзара тиімді әріптестіктің зор әлеуетін толыққанды пайдалану көп жағдайда трансұлттық экономикалық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі бірлескен күш-жігердің тиімділігіне байланысты екені анық. Бүгін нәтижелі пікір алмасу өтіп, осы бағыттағы жаңа тәсілдер әзірленетін болады деп сенемін. Отырысқа қатысушыларға қойылған міндеттерді шешуде табыс тілеймін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.