ШЫҰ-ға 25 жыл: Ұйым қалай өзгерді және Қазақстан үшін қандай мүмкіндік бар?
Бүгін Қырғызстанның астанасында ұйымның кезекті саммиті басталды
Шанхай ынтымақтастық ұйымы 25 жыл ішінде шағын өңірлік тетіктен ауқымды трансөңірлік ұйымға айналды. Қазір ШЫҰ үшін жаңа мүшелер қабылдаудан гөрі қабылданған шешімдерді нақты жобаларға айналдыру маңызды. Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенова BAQ.KZ тілшісіне ұйымның өткені, Қазақстан үшін маңызы және алдағы міндеттері туралы айтып берді.
“Шағын өңірлік тетіктен ірі трансөңірлік ұйымға айналды”
Сарапшының пікірінше, ШЫҰ-ның 25 жылдағы басты өзгерісі – ұйымның ауқымы мен күн тәртібінің айтарлықтай кеңеюі.
ШЫҰ-ның 25 жылдық жолын бағаласақ, меніңше, ең басты өзгеріс – салыстырмалы түрде шағын өңірлік тетіктен күн тәртібі әлдеқайда кең әрі қатысушылар құрамы күрделі ірі трансөңірлік ұйымға айналуы, – дейді Гүлнар Шаймергенова.
Ол “Шанхай бестігі” мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихын ажырата қарау керегін атап өтті. “Шанхай бестігі” 1996 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның қатысуымен құрылған. Оның негізіне 1996 және 1997 жылдары шекара маңындағы әскери саладағы сенімді нығайту және қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімдер алынды.
Сарапшының айтуынша, бұл қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейінгі жағдайға берілген нақты жауап болды. Негізгі міндет бұрынғы кеңес-қытай шекарасы бойындағы әскери тәуекелдерді азайтып, мемлекеттер арасындағы сенімді күшейту және тұрақты диалог тетігін қалыптастыру еді.
Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылғы 15 маусымда Өзбекстан қосылғаннан кейін құрылды. Алғашқы кезеңде ұйым қызметінің негізгі бағыттарының бірі терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы бірлескен күрес болды. ШЫҰ Хартиясына 2002 жылғы 7 маусымда қол қойылып, ол 2003 жылғы 19 қыркүйекте күшіне енді.
Қазір ұйымның ауқымы әлдеқайда кеңейді. Оның құрамына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь кіреді. ШЫҰ елдеріндегі халықтың жалпы саны 3,4 миллиардтан асады.
Үндістан мен Пәкістан 2017 жылы, Иран 2023 жылы, ал Беларусь 2024 жылы толыққанды мүше болды. Осылайша ұйым Орталық Азия шеңберінен шығып, Шығыс және Орталық Азиядан Оңтүстік Азия, Иран және Шығыс Еуропаға дейінгі кеңістікті қамтыды.
Қауіпсіздіктен жасанды интеллектіге дейін
ШЫҰ-ның күн тәртібі де едәуір өзгерді. Қауіпсіздік әлі де негізгі бағыттардың бірі болғанымен, бүгінде ұйым көлік, сауда, инвестиция, энергетика, цифрлық экономика, жасанды интеллект, экология, су ресурстары, білім, мәдениет және жастар алмасуы мәселелерімен де айналысады.
Гүлнар Шаймергенова 2025 жылғы 1 қыркүйекте Тяньцзинь саммитінде ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданғанын атап өтті. Сонымен бірге Есірткіге қарсы орталық пен қауіпсіздік саласындағы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық құру туралы келісімдерге қол қойылған.
Сарапшының пікірінше, ШЫҰ-ның басты жетістігін Еуропалық одақ үлгісіндегі интеграциялық бірлестікке немесе әскери-саяси блокқа айналуынан іздеудің қажеті жоқ.
ШЫҰ мұндай блок емес. Оның күшті жағы – саяси жүйесі, экономикалық моделі, сыртқы саяси мүддесі бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленетін, тіпті күрделі екіжақты қарым-қатынастары бар мемлекеттер арасында тұрақты диалогты сақтай алуында. Қазақстан үшін мұнда шешімдердің консенсус, егемендік пен ұлттық мүдделерді құрметтеу негізінде қабылдануы аса маңызды, – дейді ол.
Алайда ұйымның кеңеюі жаңа қиындықтарды да туындатып отыр. Қатысушылар саны мен күн тәртібі артқан сайын қабылданған шешімдердің іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету күрделене түседі.
ШЫҰ-ның экономикалық әлеуеті нақты жүзеге асырылған көпжақты жобалардың көлемінен әлдеқайда жоғары. Қазақстан ұйым тетіктерінің тиімділігін арттыру, институттарын және практикалық құрамдасын күшейту қажеттігін ашық айтып келеді. Сондықтан алдағы 25 жыл ұйымның географиялық тұрғыдан қаншалықты өсетінімен емес, саяси уағдаластықтарды нақты жобаларға қаншалықты айналдыра алатынымен айқындалады деп ойлаймын, – деді сарапшы.
Қазақстан ШЫҰ-дан не ұтты?
Гүлнар Шаймергенованың айтуынша, Қазақстан үшін ШЫҰ-ға мүшеліктің нәтижесін бір ғана жобамен өлшеуге болмайды. Оның негізгі әсерінің бірі – өңірдегі қауіпсіздік, сенім және мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайту.
“Шанхай бестігі” кезеңіндегі 1996 және 1997 жылдардағы келісімдер Қытай мен бұрынғы кеңестік республикалардың шекара маңындағы әскери сенімін нығайтуға және қарулы күштерді қысқартуға мүмкіндік берді.
Бұл құжаттар ШЫҰ құрылғанға дейін қабылданды, сондықтан оларды ұйымның өз құжаттары деуге болмайды. Бірақ дәл осы тәжірибе болашақ ұйымның саяси негізіне айналды. Қытаймен ұзақ шекарасы бар және Еуразияның ірі державаларының арасында орналасқан Қазақстан үшін шекара маңындағы кеңістіктің ықтимал тәуекел аймағынан тұрақты өзара іс-қимыл кеңістігіне айналуы стратегиялық тұрғыдан маңызды өзгеріс болды, – деді сарапшы.
ШЫҰ құрылғаннан кейін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық институционалдық сипат алды. Өңірлік терроризмге қарсы құрылым ақпарат алмасу мен құзырлы органдардың өзара іс-қимылының тұрақты тетігіне айналды. Бірлескен терроризмге қарсы іс-шаралар мен жаттығулар өткізіліп келеді.
2025 жылы мемлекеттер Ташкентте қауіпсіздік саласындағы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталықты, ал Душанбеде Есірткіге қарсы орталықты құру туралы келісімдерге қол қойды.
Қазақстан үшін көлік дәліздерінің маңызы артып келеді
Сарапшы ШЫҰ аясындағы нақты нәтижелердің бірі ретінде көлік саласындағы ынтымақтастықты атады.
2014 жылы ұйым шеңберінде халықаралық автомобиль тасымалдары үшін қолайлы жағдай жасау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Ол 2017 жылғы 20 қаңтарда күшіне еніп, мүше мемлекеттер арасындағы автомобиль қатынасының көпжақты құқықтық негізін қалыптастырды.
Қазақстан бұл келісімді жүзеге асыруға тікелей қатысты. Атап айтқанда, оны іске асыру жөніндегі бірлескен комиссияның алғашқы отырысы Қазақстанның төрағалығымен өтті. Қытайдың Ляньюньган қаласынан Қазақстан арқылы Ресейге және одан әрі Еуропаға бағытталған трансконтиненталдық қатынасты дамыту мәселесі де қарастырылды.
Қазір Қазақстан үшін ШЫҰ аясындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықтың келешегі зор.
Қазақстанның бастамасымен стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру идеясы ілгерілетілді. 2024 жылы тиісті тұжырымдама қабылданып, 2025 жылғы 18-19 желтоқсанда Ақтауда ШЫҰ мемлекеттерінің порттары мен логистикалық орталықтары басшыларының алғашқы кездесуі өтті. Бұл біз үшін Қытай бағыттарын, Транскаспий халықаралық көлік бағытын және “Солтүстік – Оңтүстік” дәліздерін ұштастыру міндетімен тікелей байланысты, – деді Гүлнар Шаймергенова.
2026 жылы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің порттары мен логистикалық орталықтарын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бойынша жұмыс жалғасқан.
ШЫҰ елдерімен сауда көлемі 67 млрд доллардан асты
Қазақстан Үкіметінің деректері бойынша, 2024 жылы Қазақстанның ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен тауар айналымы 67 млрд доллардан асқан.
Алайда сарапшы бұл көрсеткішті толығымен ШЫҰ қызметінің нәтижесі деп бағалау дұрыс емес екенін ескертті.
Осы 67 млрд доллардың барлығы “ШЫҰ арқасында пайда болды” деу қате болар еді. Сауданың негізгі бөлігі екіжақты қарым-қатынастар, ЕАЭО, “Бір белдеу, бір жол” бастамасы, ұлттық инвестициялық бағдарламалар және нарықтық процестер аясында дамып келеді. ШЫҰ-ның рөлі сауда, көлік байланысы, кедендік өзара іс-қимыл және болашақ көпжақты жобалар үшін қосымша саяси әрі институционалдық орта қалыптастыруда, – деді ол.
ШЫҰ Даму банкі не береді?
Гүлнар Шаймергенова ШЫҰ Даму банкін құру бастамасына да тоқталды. Оны құру туралы саяси шешім 2025 жылғы 1 қыркүйекте Тяньцзинь саммитінде мүдделі мемлекеттер арасында келісілген.
Дегенмен сарапшы 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша банк әлі жұмыс істейтін қаржы институты ретінде іске қосылмағанын атап өтті. Оның құрылымы мен жұмыс істеу тетіктері бойынша консультациялар жалғасып жатыр.
Қазақстан болашақ қаржы тетігін инфрақұрылым, технологиялар және “жасыл” жобаларды қаржыландыруға пайдалануды ұсынып отыр.
Сарапшының сөзінше, ШЫҰ аясындағы гуманитарлық байланыстың да маңызы зор. ШЫҰ Университеті білім саласындағы ынтымақтастық желісі ретінде дамып келеді. Оның тұжырымдамасы 2008 жылы Астанада келісіліп, ШЫҰ Университетін құру және оның жұмыс істеуі туралы келісімге 2017 жылы Астанада қол қойылған.
Бұдан бөлек, ұйым аясында жастар, мәдениет, туризм және академиялық бағыттағы бағдарламалар жүзеге асырылады.
“Енді саннан гөрі сапа маңызды”
ШЫҰ-ның одан әрі кеңеюіне қатысты Гүлнар Шаймергенова қазіргі кезеңде жаңа мүшелер санын арттырудан гөрі қалыптасқан ұйым ішіндегі ынтымақтастықты тереңдету маңызды деп есептейді.
Меніңше, ШЫҰ үшін өзара іс-қимылдың сапасы одан әрі сандық кеңеюден маңызды болатын кезең келді. Бұл ұйым жаңа мемлекеттерге есігін жабуы керек деген сөз емес. Ашықтық қағидаты әуел бастан ШЫҰ философиясының бір бөлігі болды және кеңею оның халықаралық салмағын арттырды. Бірақ сонымен бірге ұйым әлдеқайда әркелкі бола түсті, – деді ол.
Он мемлекеттің экономикалық мүдделері, сыртқы саяси басымдықтары мен ынтымақтастықтың қарқынына қатысты ұстанымдары әртүрлі. Ал шешімдер консенсус негізінде қабылданатындықтан, мұндай жағдайда дипломатия мен ұйым институттарының тиімділігіне қойылатын талап та арта түседі.
Сондықтан сарапшы қазір ШЫҰ-да қалыптасқан кеңістікті нығайтуға басымдық беру керек деп санайды.
“Қатысушылар неғұрлым көп болса, ұйым соғұрлым күшті” деген логикадан “бірлесіп жүзеге асырылған жобалар неғұрлым көп болса, ұйым соғұрлым күшті” деген қағидаға көшетін уақыт келді, – деді Гүлнар Шаймергенова.
Қандай жобаларға басымдық берілуі керек?
Сарапшы ШЫҰ-ның практикалық нәтижесін көрсете алатын бірнеше негізгі бағытты атады. Олардың қатарында Даму банкін іске қосу, көлік-логистикалық дәліздерді дамыту, кедендік және көлік рәсімдерін цифрландыру, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі, су саласындағы ынтымақтастық, жасанды интеллект және қауіпсіздік мәселелері бар.
Оның пікірінше, әсіресе ШЫҰ Даму банкінің іске қосылуы ұйымның декларациялардан нақты жобаларға қаншалықты көше алатынын көрсететін маңызды индикатор болмақ.
Саяси шешім қабылданды, бірақ институттың параметрлері әлі келісіліп жатыр. Тұрақты қаржыландыру тетіктері пайда болғанда ғана көптеген жақсы бастамадан ірі трансшекаралық жобаларға көшуге мүмкіндік туады, – деді ол.
ШЫҰ өзінің сыртқы құрылымын да реттеуге кіріскен. 2025 жылғы Тяньцзинь саммитінде бірыңғай “ШЫҰ серіктесі” мәртебесін енгізу және болашақта бақылаушылар мен диалог жөніндегі серіктестерге бөлудің бұрынғы жүйесінен бас тарту туралы шешім қабылданған. Алайда құқықтық базаға тиісті өзгерістер күшіне енгенге дейін қазіргі мәртебелер сақталады.
“Басты мәселе – ШЫҰ қаншалықты тиімді бола алады?”
Гүлнар Шаймергенованың пікірінше, ұйым ашықтық қағидатын сақтауы керек, алайда жаңа мемлекеттерді толыққанды мүшелікке қабылдау біртіндеп жүзеге асырылғаны жөн.
Қазір ұйымға мүше елдердің азаматтары мен бизнесі ШЫҰ-ға қатысудың нақты нәтижесін сезінуі маңызды.
Бұл – қолайлы көлік бағыттары, жаңа инвестициялық жобалар, қауіпсіз шекаралар, білім алу мүмкіндіктері және технологиялық ынтымақтастық. Сондықтан бүгінгі басты мәселе ШЫҰ-ның географиялық тұрғыдан қаншалықты үлкен болатынында емес, практикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді бола алатынында. Кеңею мен ынтымақтастықты тереңдетудің арасындағы ең ұтымды тепе-теңдік дәл осы жерде, – деп айтты Қытайды зерттеу орталығының директоры.