Шырын мен йогурттағы қант та есепке кіреді. Күніне қанша қант тұтынуға болады?
Шайға салған қантты санау оңай. Ал бір стақан шырын, түскі астан кейінгі десерт пен таңғы асқа жеген йогурттағы қантты есептейміз бе? Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев қандай қантты шектеу керегін және оны азайтуды неден бастауға болатынын түсіндірді.
Қант қосылмаған шырында да еркін қант бар
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) еркін қанттарды тұтынуды азайтуды ұсынады. Оған тағам мен сусынға қосылатын қантпен қатар балдың, шәрбаттың, жеміс шырыны мен шырын концентраттарының құрамындағы қант жатады.
Ал тұтас жемістер мен көкөністердің, қант қосылмаған сүттің құрамындағы табиғи қант бұл санатқа кірмейді. Сол себепті қантты азайтамын деп осы тағамдардан бас тартудың қажеті жоқ, – деді Мұхамғали Арыспаев.
Алты шай қасық қант қалай есептеледі?
ДДҰ ересектер мен балаларға еркін қанттың үлесін тәуліктік жалпы энергияның 10 пайызынан төмен ұстауды ұсынады. Оны 5 пайызға дейін немесе одан да төмен азайту денсаулыққа қосымша пайда беруі мүмкін. Тәулігіне 2 мың килокалория тұтынатын адам үшін 10 пайыз шамамен 50 грамға, ал 5 пайыз 25 грамға немесе алты шай қасық қантқа тең.
Бұл тек шайға қосылатын қант емес, күні бойы барлық тағам мен сусыннан түсетін еркін қанттың жиынтық мөлшері. Балаларға арналған мөлшер олардың энергия қажеттілігіне байланысты есептеледі, – деді маман.
Қантты азайтудың пайдасы қандай?
Еркін қантты азайту артық салмақ, семіздік және тісжегі қаупін төмендетуге көмектеседі. Мамандардың назарындағы күнделікті әдеттердің бірі – тәтті сусындар мен кондитерлік өнімдерді жиі тұтыну.
Тәтті сусындар мен кондитерлік өнімдерді жиі тұтыну күнделікті калория мөлшерінің артуына әкелуі мүмкін. Оларды азайту салмақты бақылауға көмектеседі. Дегенмен нәтиже адамның жалпы тамақтануына және дене белсенділігіне де байланысты, – деді Мұхамғали Арыспаев.
Білім беру ұйымдарында қант мөлшері 3,6 есе азаяды
Қазақстанда 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарына арналған жаңа тамақтану стандарты күшіне енді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің түсіндіруінше, стандарт қант мөлшерін 3,6 есе азайтуды, көкөніс, жеміс пен сүт өнімдерінің үлесін арттыруды көздейді. Сондай-ақ тәтті сусындарды сумен және стандартта ұсынылған өзге сусындармен алмастыру қарастырылған.
Қантты азайтуды неден бастаған жөн?
Мұхамғали Арыспаев тәтті сусынның орнына су ішуді, шырынның орнына тұтас жеміс жеуді және шай мен кофеге қосатын қантты біртіндеп азайтуды ұсынады. Сатып аларда өнімнің құрамына да назар аударған жөн.
Өнімнің құрамын оқыңыз. Қосылған қант тәттілерде ғана емес, тұздықтарда, таңғы асқа арналған дайын өнімдерде және йогурттарда да кездесуі мүмкін, – деді маман.
Күнделікті өзгерісті шайға әдеттегіден бір қасық кем қант салудан бастауға болады.