Шыршаны заңсыз кесетіндерге бақылау күшейді
Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысының тәртіп сақшылары қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесушілерге қарсы күресті бастады.
Жас қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу, дайындау, тасымалдау және сатудың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері “Шырша” жедел алдын алу іс-шарасын ұйымдастыруда.
Полицейлер облыс аумағында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу, сондай-ақ оларды саудалау, базарларда және басқа жерлерде заңсыз сату деректерін болдырмауға ерекше назар аударады. Облыс аумағында полиция мен табиғатты қорғау органдары есебінен құрылған мобильдік топтар тәулік бойы жас қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу фактілерінің жолын кесу бойынша рейдтерді жүзеге асыруда, – дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бағдат Әшімов.
Полиция қызметкерлері жол мен бекеттердегі полиция жасақтарының бақылауын күшейтіп, қылқан жапырақты ағаштарды тасымалдау мен сатудың заңдылығын тексеруде. Тасымалданушы әрбір қылқан жапырақтының қайда өскені, кімнің сатқаны және қайда апара жатқанын анықтауға ниетті.
Мәселен, Текелі қаласының маңында 35 жастағы тұрғын бірнеше шыршаны кесіп тастаған. Сондай-ақ, қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз сату фактісі Алматы-Бішкек тас жолының 19 шақырымында тіркелді. “Шырша” жедел-алдын алу іс-шарасы Жаңа жыл қарсаңында басталып, осы жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады, – дейді Бағдат Әшімов.