Шыршаны рұқсатсыз кескендерге 500 мың теңгеге жуық айыппұл салынады - ІІМ

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, жаңа жылдық мерекелер қарсаңында полицейлер табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылауды күшейткен. 

15 желтоқсаннан бастап республика аумағында заңсыз ағаш кесуді, дайындамаларды анықтау және жолын кесуге, қылқан жапырақты жас ағаштардың тасымалдауға және сатуға бағытталған орман қорғау органдарымен бірлескен іс-шаралар өткізілді. Бақылауды күшейту мақсатында автожолдарда, сондай-ақ базарларда және басқа жерлерде 300-ден астам мобильді топ құрылды. Елдімекендерде қылқан жапырақты ағаштардың сатылуын бақылау, оларды белгіленбеген жерлерде өткізуге тыйым салу, сондай-ақ тиісті құжаттарсыз тексеру жүргізіледі, - деп атап өтті Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек. 

Белгілі болғандай, қылқан жапырақты ағаштарды сатуға рұқсаттың жоқтығы анықталған жағдайда, сатушы жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Осы бап бойынша жеке тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК мөлшерінде; орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе ескертулер жасалады. Орман екпелерін заңсыз кесу анықталған кезде ҚР Қылмыстық кодексінде бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жаза көзделеді. Алдын алу шарасы жаңа жылдық мерекелерге дейін жалғасады, - деді ІІМ өкілі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы