Шырша безендіргенде құлаған мұғалім ісі: Прокуратура күдіктіні анықтады
Семейде мұғалімдерді кәсіби міндетіне жатпайтын жұмысқа тартуға жол берген қала әкімінің орынбасары тергеліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бас прокуратура педагогтердіңң құқықтарын қорғау, оның ішінде зардап шеккен мектеп ұстазы Қуат Айтқалиевке қатысты мəселелер бойынша Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың депутаттық сауалына жауап берді.
Қуат Айтқалиевтің жарақат алу фактісі бойынша қалалық Полиция басқармасы ауыр зардаптарға əкеп соққан билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану баабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Тергеп-тексеру барысында мұғалімдерді кəсіби міндеттерімен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берген қала əкімінің орынбасары Айдарбек Хамзаев күдікті ретінде танылды, - делінген Бас прокурор Берік Асыловтың ресми жауабында.
Қазіргі кезде жəбірленуші Қуат Айтқалиев емделу мекемесінен шығып, үй жағдайында жалпы практика дəрігерінің патронажын алды. Жалпы жағдайы тұрақты. Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында.
Сонымен қатар шыршаны безендіруге басқа да мұғалімдерді (5) заңсыз тартуға жол берген мектеп (№19 жəне №40) директорлары (А.А. Жүнісова мен Г.Е. Сүлейменова) тəртіптік жауапкершілікке тартылды жəне Білім бөлімінің басшысы (Б.З. Булабаев) қызметінен босатылды.
Бұдан бөлек Абай облысының Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті білім беру мекемелерінің басшыларын заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, педагогті кəсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тарту бабы бойынша əкімшілік жауаптылыққа тартты.
Қ. Айтқалиев Семей қаласының орталық алаңындағы шыршаны безендіру кезінде жоғары биіктіктен құлағаннан алған ауыр жарақатына (бас сүйек-ми, ошақты бас миының жарақаты жəне т.б.) медициналық ем (резекциялық краниотомия хирургиялық отасы жасалды) алғанын еске сала кетейік.