Шырша безендірген мұғалім жарақат алды: Аймағамбетов бақылауды күшейтуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Семейде шыршаны безендіргенде жарақат алған ұстазға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны орнатуға тартып, соның салдарынан бір мұғаліміміздің ауыр жарақат алғаны алаңдатып отыр. Мұндай жағдайды жай ғана “жаңсақтық” деп қарастыруға болмайды, - деді депутат.

Аймағамбетов “Педагог мәртебесі туралы” заңның 6-бабында нақты мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынатыны анық көрсетілгенін еске салды.

Жаңа жылдық шырша орнату, көше тазалау, басқа да науқандарға мәжбүрлеп тарту сияқты ескі “дәстүрлерден” біржола бас тартуымыз керек. Бұл – заңды өрескел бұзу, - деп айтты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Депутат осы оқиға бойынша нақты шараларды ұсынды:

1. Облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы тиіс.
2. ⁠Мұғалімдерге тікелей міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату үшін министрлік бақылауды күшейтуі қажет.
3. ⁠Білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері мұғалімдердің құқықтарын қатаң сақтау бойынша міндеттерін орындауы тиіс.

Мемлекет басшысы әрдайым мұғалімдердің мәртебесін қорғау мен олардың құқықтарын сақтау мәселесін ерекше назарда ұстап келеді. Біздің міндетіміз – сол талаптарды орындап, заңның жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Министрліктің бұл мәселені бақылауға алғаны – үміт береді. Жарақат алған әріптесімізге тезірек сауығып кетуін тілеймін, - деп жазды депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы