Шырша безендіремін деп құлаған мұғалім ісі: Еңбек инспекциясы тексерісті аяқтады

Абай облысының Еңбек инспекциясы шырша безендіремін деп жарақат алған мектеп мұғалімі Қуат Айтқалиевке байланысты істі тексеріп, қорытындысын шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Семей телеарнасының мәліметінше, Еңбек инспекциясы жаңа жылдық шыршаны безендіріп жатқанда құлап, бас сүйегі сынған мұғалім Қуат Айтқалиевтің ісіне қатысты арнайы тексеру аяқталған.

Комиссия бұл оқиғаның жұмыс берушінің, яғни мектеп директорының тапсырмасы бойынша орындалғанын растады.

Еңбек инспекциясының ақпаратынша, ҚР заңнамасына сай мұғалімге келген зиянды мектеп басшысы өтеуге міндетті. Бүгінде жұмысқа заңсыз тартылған мұғалім үйінде ем алып жатыр. Оның жалақысы толығымен жүріп тұр.

Абай облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Тоқтарбек Түсіпбаев комиссия жұмыс берушінің кінәсі 100% екенін анықтағанын айтты.

Бұл жерде қызметкер, яғни Қуат Айтқалиевтің кінәсі жоқ. Оның еңбекақысы толығымен төленіп жатыр. Егер ақылы түрде емделсе, онда оған кеткен шығындары толығымен өтеледі. Барлық тиісті құжат толтырылды. Енді құқық қорғау органдарына жіберіледі, - деді еңбек инспекторы.

Телеарнаның хабарынша, Қылмыстық кодекске сәйкес, еңбекті қорғау ережелерін бұзғаны үшін лауазымды тұлғалар жауапқа тартылады.

Еске сала кетейік, 22 желтоқсанда Семейде шыршаны безендірген мұғалім ауыр жарақат алғаны белгілі болды. 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің жарақат алуы заң бұзушылықтың айқын көрінісі екенін айтты. 

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те мұғалімдерді міндетіне сай емес жұмыстарға тартуды тоқтату керегін айтып, мәселеге қатысты өз ұсыныстарын айтқанын жаздық. 

Осыдан кейін шырша безендіремін деп жарақат алған мұғалімнің кім екені білгілі болды. 

Кейін Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту фактісі бойынша Абай облысының білім басқармасы барлық мән-жайды анықтау үшін қызметтік тексеріс бастағаны айтылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы