Шырғанақтағы мұзтау халықтың демалыс орнына айналды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысы Кеген ауданына қарасты Шырғанақ ауылдық округіндегі ерекше мұзтау көпшіліктің демалыс орнына айналды.

Қыс мезгілі басталса боды жұрт сонда барып көңіл көтеріп, бір уақ демалып қайтатын болды. Бұл жер астынан арнайы шығарылған құбырдан атқылап тұрған судан пайда болған шағын мұзтау. Шын мәнінде, демалыс күндері мұнда келушілер жетіп-артылады. Зеңгір көкке атқылаған судың әсерінен пайда болған мұзтау ғаламат көрініске ие. Көпшілік ұшар басы шағын шыңдай мұзтауға балаларын апарып, демалдырып қайтады. Мұнда күндіз де, түнде де келушілер көп. Бірнеше дүркін  шаңғышылардың аудандық жарысы осында өткізілді. Жаз маусымында ауылдың жігіттері осы жерде дүбірлетіп көкпар өткізіп жатады. 

Ауылдық округ ақсақалдар алқасының төрағасы Ермек Құрманғалиев Кеңес Одағы тұсында бұл судың осы өңірдегі алқаптарды суармалы егіске айналдыру мақсатында шығарылғанын айтады. 

Алғашында бір жағына қарай ағып жатқан суды ауылдың жігіттері аспанға қарай атқақтатып қойсақ, мұз пайда болады екен деп жап-жақсы арынды суды аспанға қаратып қойыпты. Арнайы техниканың күшімен жер астынан шығарылған су содан бері аспанға қарай  атқылап тұр,-дейді ақсақал. 

Енді бір адамдар бұл суды тарихын өзгеше айтады. Осынау өңірдің астында мұнай бар екен. Жер асты суы азайсын, мұнай қоры көбейсін деген ниетте бұл су 200 метр тереңдіктен шығарылған екен. Қалай десек те, қыс мезгілінде шағын мұзтауға айналатын орын бұл күнде көпшіліктің жиі ат басын бұратын қымбатты орындарының біріне айналып кетті. 

Шырғанақ ауылының түлектері оның жанынан адамдар отыратын арнайы орын жасап қойған. Жанына барсаң ұшар басынан атқақтаған су көрінетін, айналасы мұзбен көмкеріліп, кеңейе түскен мұзтау елді таңдандырмай қоймайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы