«Шыңырау» фильмі Болгарияда өтіп жатқан кинофестивальге қатысуда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Шыңырау» көркем фильмі қаңтардың 15 мен 31 аралығында Болгарияның астанасы София қаласында өтіп жатқан 13-халықаралық кинофестивальге (Sofia MENAR Film Festival) қатысуда.
Естеріңізге сала кетсек, Әбіш Кекілбаевтың повесі «Шыңыраудың» желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді. Фильмнің режиссері – Жаңабек Жетіруов.
2018 жылы жарыққа шыққан фильмнің төрт жыл қатарынан халықаралық кинофестивальдарға қатысуы өте сирек болатын жағдай. Бұл әрине, қазақ прозасының ең шоқтығы биік туындысы болып табылатын Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесіндегі ешкімді жайбарақат қалдырмайтын ғаламат идеяны көркемдеп экранға шығару үшін тер төккен түсіру тобының жемісті еңбегінің арқасыда жүзеге асып отырған жетістік деп ойлаймын, - деді режиссер Жаңабек Жетіруов.
Фильмнің түсірілімдері Маңғыстау облысында өтті. Картинада басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Алдабек Шалбаев және Айжан Жетіру сомдады.
2009 жылы негізі қаланған Балқан аймағындағы ең ірі байқаулардың бірі - Sofia MENAR Film Festival кинофестивалі жыл сайын өз көрермендеріне киногерлер шығармашылығында бейнеленген ислам әлемінің мәдениеті және дәстүрімен таныстырып отырады. Фестиваль шеңберінде Таяу Шығыс, Орталық Азия жән Солтүстік Африка мемлекеттерінің ең үздік көркем, деректі және қысқаметражды туындылары көрсетіледі.
Айта кетсек, биылғы фестивальдің конкурстық бағдарламасында ұсынылған 13 фильмнің ішінде Әзиз Зайыров және Мұхамед Мамырбеков түсірген «Қыз бен теңіз» фильмі де бар.