Шыңғыс Айтматов - Қазақстандағы көп оқылатын жазушылардың бірі
Бұл туралы бүгін Елордада өткен Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының зиялы қауымдарының қатысуымен өткен форумда айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Түркі әлемінің қос алыбы: Әуезов және Айтматов» атты форумның негізгі мақсаты- қос автор шығармашылығындағы үндестікті жаңа деңгейге көтеру болып табылады.
Форумға Қазақстаннан Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, мемлекет қайраткерлері, республикалық газеттің редакторлары,жазушы, профессорлар қатысып отыр.
Өз кезегінде сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омар қос тұлғаның екі ел үшін маңызы туралы айтты.
«Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов екі елдің әдебиетінде ерекше еңбегі бар тұлғалар. Қазақстанда көп оқылатын жазушы - Шыңғыс Айтматов. Оның шығармашылығын қанша зерттесең де сарқылмас байлыққа ие боласың. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда Шыңғыс деген есіммен 9040 адам бар. Осыдан-ақ Шыңғыс Айтматовтың Қазақстандағы беделін байқауға болады»,-деді Бауыржан Омар.
Айта кетейік, форум 2022 жылғы 26-29 қазан күндері өтіп жатқан Қазақстан Республикасында Қырғыз Республикасының Мәдениет күндері аясында өтуде.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 2-3 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келген болатын. Келіссөздер барысында екі елдің екіжақты және көпжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланып, мәдениет күндерін тепе-тең негізде өткізу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Тиісінше, Қазақстан Республикасының Мәдениет күндері Қырғызстанда 2021 жылғы 7-9 қазанда Бішкек қаласында өтті.